Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Каспий жағалауындағы жартаста не салынып жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Каспий жағалауындағы Жартасты соқпақ аумағында жүргізіліп жатқан жұмыс тұрғындар арасында түрлі болжам туғызды. Әлеуметтік желіде бұл жерде коммерциялық нысан салынып жатыр деген пікірлер тарағаннан кейін Ақтау әкімдігі ресми түсініктеме берді.

Каспий жағалауындағы жартаста не салынып жатыр
Фото: Lada.kz

Әкімдіктің мәліметінше, 4А шағынауданындағы Жартасты соқпақта орналасқан үңгірде ешқандай коммерциялық құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ.

— Қазіргі уақытта мұнда инженерлік іздестіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты үңгірге кіру уақытша шектелді. Бұл шара тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Жұмыс жүргізіліп жатқан кезеңде үңгірдің жекелеген бөліктерінің опырылып құлау қаупі және келушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де факторлар бар, — деп хабарлады қала әкімдігі.

Осыған байланысты аумаққа қорғаныс қоршаулары, ақпараттық тақтайшалар мен ескерту белгілері орнатылған. Әкімдіктің мәліметінше, үңгірдің қазіргі жай-күйі қосымша кешенді зерттеуді қажет етеді.

— Сараптамалық тексеру нәтижесіне сәйкес, оны сақтау және келушілер үшін қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша шешім қабылданады, — делінген ресми хабарламада.

Ақтау әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Бұған дейін Түпқараған ауданындағы Қапам ата жартасты мешітінің кіреберісіне орнатылған пластик терезе мен есік алынып, тарихи нысанның бастапқы келбеті қалпына келтірілгенін жазған едік.