Каспий жағасында орналасқан «Кендірлі» демалыс аймағы жазғы маусымын ашты
Табиғаты әсем, құмы таза, суы мөлдір шығанақта демалу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген адам жиналды. Мұнда туристердің теңізге түсіп, денсаулығын нығайтып, тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа маусымның ашылуына орай демалушылар үшін жағалауда мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Тамылжыған жаз айында жағажайда демалғысы келетіндердің қатары жыл санап өсіп келеді. Биыл «Кендірлі» демалыс орнының басшылары 17 мың адамға дейін қабылдауды жоспарлап отыр. Алғашқы күннің өзінде еліміздің әр өңірінен жүзден астам демалушы келген. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жүр.
- Бізге өте ұнайды. Тамаша, суы да жылы, қызмет көрсетуі де жақсы. Шетелге тастаған ақшамызды неге осы жерге келіп тастамасқа? Осы жерді көркейте түсу қажет. Себебі әр азамат еліміздің патриоты болуы керек, дейді Ақтөбеден келген демалушы Бауыржан Бекмағамбетов.
Мұнда демалушылардың әрбір күнін қызықты өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Тек теңізге шомылып, қыздырынып қана қоймай, сауығып, спортпен шұғылдана алады. Бассейн, боулинг, жағажай волейболы, кинотеатр мен жаттығу залы жұмыс істеп тұр. Балалар велосипед тепсе, ересектер моторлы қайықпен жүзе алады.
- Биыл ремонт жасалды, жағалауға катамарандар қойылды. Адамдар жағалауда керемет демалу үшін арнайы төсектер, шатырлар орнатылды. Бассейніміз жұмыс жасамаған былтыр, соны биыл іске қостық, - деді «KMG EP-Catering» ЖШС бас директоры Бекқожа Боранбаев.
«Кендірлі» демалыс орны шөлейтті Маңғыстау жерінде орналасқан дегенге сену қиын. Көптеп тал егіп, гүл өсірудің арқасында бұл жер бүгінде жасыл желекке оранған. Демалыс аймағының басшылары туристердің санын көбейту үшін алдағы уақытта арнайы жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.