Каспийде әскери теңізшілердің дайындығы сыналып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары өтіп жатыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Каспийде әскери теңізшілердің дайындығы сыналып жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери теңізшілер Қазақстан секторына тиесілі теңіз айдынын толық жүріп өтіп, түрлі жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтап, практикалық атыс жүргізеді.

Әскери теңізшілер үшін бұл жаттығулар өз дағдыларын тікелей теңізде тексеруге мүмкіндік береді. Мұнда экипаждың үйлесімді іс-қимылы, навигацияның дәлдігі мен қабылданған шешімдердің жеделдігі қойылған міндеттің орындалуына тікелей әсер етеді.

Каспийде әскери теңізшілердің дайындығы сыналып жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Әскери теңізшілер кемелер арасындағы өзара іс-қимылды, навигация мен байланысты, кемені басқаруды және қару-жарақты қолдануды пысықтайды. Жағалаудан едәуір қашықтықта орналасқан экипаждардың іс-қимылына ерекше назар аударылады.

Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары 1-ші дәрежелі капитан Арман Сатқановтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында экипаждардың тәжірибелік дағдыларын одан әрі жетілдіруге баса мән беріледі.

Каспийде әскери теңізшілердің дайындығы сыналып жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Ең бастысы — әрбір экипаж мүшесі өз міндетін нақты білуі және қажетті сәтте жедел әрі үйлесімді әрекет етуі керек. Қазір теңізде осы дағдыны тексеріп жатырмыз, — деді 1-ші дәрежелі капитан Арман Сатқанов.

Жаттығу барысында экипаждар кеме қару-жарағынан практикалық атыс жүргізіп, бірлескен іс-қимылдарды пысықтайды. Жаттығудың әр кезеңінен өткен сайын тапсырмалар күрделене түседі. Оған қосымша бөлімшелер де тартылды.

Каспийде әскери теңізшілердің дайындығы сыналып жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығу кеме экипаждарының түрлі жағдайларда міндеттерді орындауға дайындығын тексеруге және Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің офицері бес тілді меңгергенін жазғанбыз.