Каспийде қазақстандық шекарашылар 8 браконьерді қолға түсірді

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Каспийде қазақстандық шекарашылар заңсыз балық аулаумен айналысқан 8 браконьерді қолға түсірді, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

Каспийде қазақстандық шекарашылар 8 браконьерді қолға түсірді

Әскери қызметке қарасты Ми-8 тікұшағы әдетте браконьерлер жиі ұшырасатын аудандарда барлау шараларын жүзеге асырып жүрген болатын. Атырау - Қаратон - Прорва - Атырау бағыты бойынша шекара қорғаушылар Қазақстанның су аймағынан ілінбелі үш қозғалтқышы бар «Байда» жүзу құралын байқайды. Тәртіп бұзушылар тоқтау жөніндегі талапқа бағынбай, жасырынуға әрекет жасаған. Шекарашылар олардың ізіне түскен.

Тәртіп бұзушылар Ми-8 назарынан сусып кетуге әрекет жасаған, бірақ экипаж қару қолданып, бірнеше рет «Байда» бағытына қарай оқ атады. Бірнеше минуттан кейін қашқындар шекарашылардың қармағына ілікті. Мемлекеттік шекараны бұзған 6 азамат құрықталды.

Кейінірек «Ремонтная шалыга» ауданында ілінбелі үш қозғалтқышы бар екінші «Байда» табылып, одан 2 адам қолға түсті. Сегіз браконьерді қолға түсіру кезінде ешкім жапа шеккен жоқ.

Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.