Каспийде қырылған итбалықтар саны 100-ден асып жығылды

итбалық
Фото: Балық шаруашылығы комитеті

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан табылған итбалық өлекселерінің саны 103-ке жетті.

Балық инспекциясының қызметкерлері жағалауды қарау кезінде 25 итбалық өлексесін тапқанын мәлімдеп отыр.

«Жұмыс тобының құрамына кіретін жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, қазақстандық Қолданбалы экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы аталған жағдай жөнінде жедел хабардар етілді. Инспекция мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен тұратын жұмыс тобы итбалық табылған орынға шықты. Бүгінгі таңда табылған өлі итбалықтардың жалпы саны 103 ұшаға өтті», — деді балық инспекциясының өкілдері.

29 наурыз бен 1 сәуір аралығында Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу кезінде 78 өлі итбалық ұшасы табылған болатын. 

Кейін Маңғыстау облысының экология департаменті аталған аумақтан су сынамасын алып, ветеринариялық станция мен гидробиология және экология институтының қызметкерлері ішкі ағзалардың тінін (бауыр, өкпе) ішінара іріктеді.

Сондай-ақ, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін азу, тырнақ және жүн сынамаларын зертханалық зерттеу жүргізуге жіберді.

Соңғы жаңалықтар