Каспийге туған күнін тойлауға кеткен жігітті іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінде жоғалып кеткен 18 жастағы жігітті іздестіру-құтқару жұмыстары екінші күнге ұласты. Оған Төтенше жағдайлар министрлігі, Әскери-теңіз күштері мен ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелері жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, іздеудегі азамат 7 шілде күні 18 жасын теңіз жағасында тойламаққа барған.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздестіру жұмыстары Каспий теңізінің акваториясында жүргізілуде. Құтқару операциясына Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен қатар, Әскери-теңіз күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қызметкерлері және өзге де күштік құрылымдардың мамандары жұмылдырылған.
- Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына 53 адам, 6 техника және 8 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған. Қазіргі уақытта жоғалған азаматты іздеу жұмысы жалғасып жатыр,-деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Бұған дейін 6 шілдеде Каспий теңізінің шомылуға жабдықталмаған жағалауында екі адам суға батып кеткен еді.