Кәсіпқой бокс: Жәнібек Әлімханұлы әлемдік рейтингіде бір саты жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Орта салмақта WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12КО) кезекті жеңісінен кейін әлемдік рейтингіде жоғарылады.

BoxRec порталындағы ақпаратқа сәйкес, Жәнібек рейтингіде бір саты жоғарылап, 857 ұпаймен орта салмақта екінші орынға жайғасты. Бұл салмақта кубалық америкалық боксшы Эрисланди Лара (31-3-3, 19КО) көш бастаса, англиялық боксшы кіші Крис Юбанк (34-3, 25КО) үздік үштікті түйіндеді.

Жәнібектің соңғы қарсыласы франциялық Анауэль Нгамиссинге (14-1, 9 КО) рейтингіде үш сатыға төмендеп, қазіргі уақытта 12-ші орыннан көрінді.
Айта кетерлігі, Жәнібек BoxRec порталының барлық салмақ категориясы бойынша әлем рейтингісінде 18-ші орынға жайғасты. Көш басында жапондық Наоя Иноуэ, америкалық Теренс Кроуфорд және ресейлік Дмитрий Бивол тұр.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы 5 сәуір күні Астанада өтіп жатқан «Battle of the Brave» бокс кешінің басты жекпе-жегінде франциялық қарсыласын 5-раундта нокаутпен жеңіп, чемпиондық белдіктерін сәтті қорғады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны жеңісімен құттықтады.