Кәсіпқой бокс: Жәнібек-Шираз айқасының промоутерлік бәссауда нәтижесі белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) және британдық Хамза Шираз (24-0-1, 19 КО) арасындағы жекпе-жек қашан өтетіні белгілі болды.

Кәсіпқой бокс: Жәнібек-Шираз айқасының промоутерлік бәссауда нәтижесі белгілі болды
Фото: The Ring

Танымал америкалық «The Ring magazine» кәсіпқой бокс басылымының хабарлауынша, Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екі боксшы арасындағы суперорта салмақтағы әлем чемпионы титуылы үшін өтетін жекпе-жекке промоутерлік бәссауда өткізді.

Қорытындысында, британдық боксшының промоутерлік компаниясы Queensberry Promotions 1 001 809 доллар ұсынып, жекпе-жекті өткізу құқығын жеңіп алды. Ал қазақстандық боксшының командасы Top Rank 820 000 доллар ұсынған.

Жекпе-жек 28 қараша немесе 5 желтоқсанда Лондон, Бирмингем немесе Нью-Йоркте өтуі мүмкін.

Айта кетейік, Хамза Шираз рингке шыққаны үшін 751 356,75 доллар (75%), ал Жәнібек Әлімханұлы 250 452,25 доллар (25%) алады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, WBO 14 тамызда Жәнібек Әлімханұлын ресми түрде Хамза Шираздың міндетті қарсыласы ретінде белгілеп, қос тараптың командасына шарттарды келісуге 20 күн берілді. Алайда, боксшылардың командалары белгіленген мерзімде келісімге келе алмады.