Қасым-Жомарт Тоқаев: Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға міндеттіміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында «Жасыл» алапты біртіндеп кеңейту өзекті міндет болып отырғандығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Президент бұл мәселеде ағаштардың заңсыз оталуына және бақтардың жойылуына, оның ішінде, қаланың тарихи орталығындағы көгалдарға қатысты алаңдаушылығын білдірді.

– Қаланы көгалдандыру мәселесінде науқаншылыққа, ұқыпсыздыққа және әлдекімдердің мүдделерін қолдауға жол берілмеуі тиіс. Бұл мәселеде ғылыми көзқарасқа, кәсібилікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қаланы үйлесімді дамытуға басымдық берілуі керек. Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға міндеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ сөзінде экологияға, оның ішінде, екінші ЖЭО-ның қайта жөндеу жұмыстарының бағасын қымбаттатпауға және оны созбалаңға салмауға, үшінші ЖЭО-ны жаңғыртуға, жеке секторға газ тартуды аяқтауға, көліктерге жанар-жағармайдың таза түрлерін пайдалануға, қалдықтарды пайдаға жаратуға, Сайран су қоймасы айналасындағы аумақты абаттандыруға және қалпына келтіруге ерекше тоқталды.

Президент Алматы агломерациясындағы қала маңын және елді мекендерді дамыту қажеттігіне де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы – Қазақстандағы ең үлкен қала ғана емес, еліміздегі агломерацияның ірі орталығы.

– Алматы қаласы мен Алматы облысының даму мәселесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Негізгі сапалы жұмыс орындары қалада жасақталады. Бұл мерзімдік миграцияны ынталандырмай тұрмайды, – деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдерімен бірлесіп, агломерацияның көліктік моделін жасауды тапсырды.

– Алматы агломерациясын басқару жөніндегі кеңесті құратын кез келді. Оны былтыр қолға алу керек еді. Ол кезекті отырыс өткізу органына айналмауы тиіс. Оған жалпы агломерациялық мәселелерді шешу үшін барлық қажетті уәкілеттіктерді беру керек. Бұл мәселені орталық деңгейде шешу үшін бұған Премьер-Министрдің орынбасарын жауапты етіп бекіту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды деп санайды. Ол үшін қаланың кейбір аудандарын жарықтандыру, бейнебақылау камераларының интеллектуалдық әлеуетін пайдалану және оларды Жедел басқару Орталығына интеграциялау жөніндегі мәселелерді шешу қажет.



Соңғы жаңалықтар