16:20, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сенат отырысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 6 наурыз күні Қазақстан халқына жасаған Жолдауының маңызы мен мәні туралы Төрағаның депутаттар корпусына арнаған сөзімен ашылды.
Қ.Тоқаев Жолдауда бүкіл әлем үшін сын сағатына айналған дағдарыс кезеңінде біздің отандастарымызды толғандырып отырған барлық мәселелерге жан-жақты жауап берілгенін атап өтті. Ең бастысы, барлық салаларда мемлекеттік саясатты жетілдіру жөнінде нақты шаралары белгіленді. «Президент объективті жағдайлардың ықпалына қарамастан, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында айқындалған бағыттардың өзгеріссіз қалатынын атап айтты. Барша қоғамның өркендеуі, қауіпсіздік пен қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мемлекет үшін аса маңызды міндет болып қала бермек»,-деді жоғарғы палатаның басшысы.
Жергілікті проблемаларды, сондай-ақ жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін жергілікті өзін-өзі басқару органы ретінде аудандық мәслихаттарға қаражат бөлу туралы Елбасының ұсынысын атап өте отырып, төраға бұл мәселе Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес аясында біздің бірлескен жұмысымыздың күн тәртібіне енуі тиіс,-деді.Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда құрылымдық экономикалық реформалар дәйекті жүргізіліп, айтарлықтай экспорттық әлеует жасалды, өндірісті әртараптандыру жүзеге асырылуда. Ішкі саяси тұрақтылықты, қоғамдағы татулық пен келісімді сақтаудың айрықша маңызына тоқтала келіп Қ.Тоқаев Қазақстан халқын, барша қоғамдық-саяси күштерді дағдарыс кезеңінде алдағы болашақ үшін бір кісідей жұмылып, жасампаздық істерге шақырған Мемлекет басшысының үндеуі баршамызға, заң шығару қызметіндегі Парламентке де биік жауапкершілік жүктейді, деп атап өтті.Дағдарысқа қарсы шараларды ерекше бақылауына алу, Президент Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру мен іске асыру мәселелеріне тоқтала келіп төраға парламентшілер оған белсене қатысады деп үміттенетінін жеткізді.Отырыста талқыға салынған «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық және өзге де ведомстволарының сыртқы шекараларда дағдарыстық жағдай туындаған кезде және оны реттеуде (жоюда) көмек көрсетуде өзара іс-қимылды ұйымдастыруы жөніндегі ережені бекіту туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасына өзгерістер енгізіліп, Парламент Мәжілісіне жіберілді. Сондай-ақ «Жылжымайтын мүлікке құқықтықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына да өзгеріс енгізіліп, Парламент Мәжілісіне жіберілді. Отырыста «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланғаннан кейін қабылданды.Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қаралып, екінші оқылымда талқылауға әзірлеуге тапсырылды.