Қатардың ең ірі энергетикалық кешеніндегі жарылыс: 50-ден астам адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қатардың сұйытылған табиғи газ өңдеу бойынша негізгі зауытындағы жарылыстан 54 адам зардап шекті, тағы 18 адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды Al Jazeera.
Оқиға Рас-Лаффан өнеркәсіп қалашығында болды. Ресми тұлғалар бұған дейін оқиға орнына келген азаматтық қорғаныс топтары ешқандай шығын туралы хабарламағанын мәлімдеген болатын.
Қатар Ішкі істер министрлігі жоғалған адамдарды іздеу және құтқару операциясын жүргізу үшін халықаралық іздеу-құтқару тобы жіберілгенін хабарлады.
Ведомство сонымен қатар жарылысқа «техникалық ақау» себеп болғанын мәлімдеді.
Өнеркәсіп орталығын басқаратын Qatar Energy компаниясы Барзандағы зауытта болған жарылыстан кейін төтенше жағдайларға жауап беру топтары дереу жіберіліп, өрт бақылауға алынғанын хабарлады.
Дохадан солтүстікке қарай шамамен 80 шақырым жерде орналасқан Рас-Лаффан өнеркәсіп қаласы – әлемдегі сұйытылған табиғи газ экспортының ең ірі орталығы.
Қатар үкіметі наурыз айында өнеркәсіптік орталық Иранның зымыран және дрон шабуылдарынан «айтарлықтай зиян шеккенін» жариялады. Осыдан кейін Qatar Energy компаниясы сұйытылған табиғи газды жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттарында форс-мажорлық жағдайды жариялап, бүлінген қуатты қалпына келтіруге 5 жылға дейін уақыт қажет екенін ескертті.