Президенттер кортежін бастап жүретін полицей: Риза болған Рим папасы медаль тақты
АСТАНА. KAZINFORM — Елордаға келген мемлекеттік деңгейдегі қонақтардың ресми кортежін әдетте аппақ мотоцикл мінген, мінсіз жарақтанған полицейлер бастап жүреді. Олар — Патрульдік полиция мамандандырылған батальонының эскорт взводы. Бөлімшені бес жылдан бері полиция подполковнигі Ринат Сәлімгереев басқарады. Полиция күніне орай Kazinform тілшісі оның кезекшілігіне бірге шығып, жұмысымен танысты.
Подполковнитің айтуынша, мұндай қызметте бос уақыт аз.
— Мен бұл салада қызмет етуді бала кезімнен армандадым, әкемнің ізін қуғым келді, — деп бастады сөзін Ринат Сәлімгереев.
Кейіпкеріміздің әкесі де бір кезде әкімшілік полиция жүйесінде қызмет атқарған. Бүгінде зейнеткер болса да, көлік құжаттары саласында еңбек етіп жүр.
2011 жылы Семей қаласында полиция қатарына қосылған Ринат Сәлімгереев 2014 жылы Астанаға ауысып, мамандандырылған жеке батальонға қабылданады. Ал 2015 жылдан бастап эскорт взводының инспекторы қызметін атқарып келеді. Бұл саланы таңдауына бала кезінен мотоциклге деген құмарлығы себеп болған.
— Мотоцикл айдау әр инспектордың қолынан келе бермейді. Ол төрт дөңгелекті көлік емес, ауа райының қолайсыздығы, көктайғақ секілді жағдайлар қауіпті арттырады, — деп түсіндірді офицер.
Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен еңбектің арқасында тәртіп сақшысы 2020 жылы взвод командирі болып тағайындалған.
Бүгінге дейін ол 200-ден астам маңызды іс-шараның кортежін бастап жүрген. Взводтың негізгі парызы — ресми делегациялар мен шет елдер басшыларының сапарын қорғау, жол бастау. Бұл жұмысқа арнайы жабдықталған 14 мотоциклистен тұратын құрам шығады, оған қоса екі жеке құрам қажет болған жағдайда оларды алмастыруға дайын тұрады.
— Президент келе жатқан кезде бізді арнайы дайындыққа босатады. Жаттығу алаңына барамыз. Кенеттен дөңгелек жарылып қалса, не істеу керектігін, маршрутты қалай жедел өзгертуді үйретеміз, — деп баяндайды командир.
Ринат Сәлімгереев өз тәжірибесінде кездескен бір оқиғаны айтып берді. Бір жолы шетел президентінің кортежімен бір мезетте өз еліміздің Президентінің кортежі де қатар келіп қалды. Сол сәтте эскорт құрамы алдыңғы сапта тұрып қалды да, кортежді толық тоқтату мүмкіндігі болмай қалды.
— Кортежді толық тоқтатпай, баяу жүріп келе жатқандай көрінуге тырыстық. Әріптестер арасында кімге жол беруіміз керек деп, сәл абыржып қалғандары да болды. Бірақ бірінші кезекте өз еліміздің Мемлекет басшысына жол беру керек деп шештік, — дейді ол сол сәтті еске түсіріп.
Оның қызметіндегі есінде қалған сәттерінің бірі — Рим Папасының сапары. Аэропортқа шығарып салғаннан кейін, жоспарда болмаса да, ол мотоцикл мінген полицейлермен қоштасуға арнайы бұрылған. Сол жолы Рим папасы барлық он төрт инспекторға жеке-жеке медаль табыс еткен.
Қызметтің өз ауыртпалығы барын Ринат Сәлімгереев жасырмайды. Жұмыс тынымсыз, әр күні елдің тыныштығын күзетумен өтеді. Алайда оның пайымынша, бұл саланың жас буынға қажетті қасиеттері — шыдамдылық, төзім, психологиялық және физикалық тұрғыда дайын болу.
— Халықпен жұмыс істегенде сыпайылық пен шыдамдылық керек. Өзіңді басқа қырынан көрсетуіңе болмайды, — дейді офицер.
Қызметкерлердің жауапкершілігі ресми кортеждермен шектеліп қалмайды. Олар сонымен қатар қаладағы жол-көлік оқиғаларын тіркеп, түнгі рейдтерге қатысады, мопед пен электровелосипед иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізеді.
— Мектептерге жол жүру ережесін үйрететін пән енгізу қажет деп есептеймін, онда ережені тек жүргізуші ғана емес, жолға қатысы бар әр адам білуі тиіс екені үйретілуі керек, — дейді ол.
Отбасы — оның басты тірегі. Ринат Сәлімгереев үш қыз тәрбиелеп отыр, ал үлкен қызы Тоғжан да болашақта әке жолын жалғауды армандайды.
Бүгінде елордалық полицияның эскорт взводы тек ресми іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлімше ғана емес, заманауи полицияның өзіндік визит картасына айналған десек артық болмас. Ал оның артында — көп жылғы дайындық, мінсіз тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған жандар тұр.