Қателікпен босатылған: Лондонда 14 жастағы қызды қорлаған қылмыскер ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Челмсфорд түрмесінен қателікпен босатылған Эфиопия азаматын Лондон полициясы қайта қолға түсірді, деп хабарлайды Kazinform BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Ақпаратта айтылғандай, Эфиопия азаматы Хадуш Кебату маусым айында Ұлыбританияға баспана іздеп, қайықпен келген. Қыркүйек айында ол 12 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Кебатуға екі жыныстық зорлық фактісі, соның ішінде 14 жастағы қызға қатысты қылмыс жасағаны үшін үкім шыққан. Үкім шығарылғаннан кейін оны мигранттарға арналған орталыққа көшіру жоспарланған еді, алайда жұма күні ол түрмеден қателікпен босатылып кеткен.
Елдің әділет министрі Дэвид Лэмми бұл оқиғаға байланысты тергеу жүргізуді тапсырды. Ал ішкі істер министрі Шабана Махмуд Кебатуды жақын уақытта елден депортациялау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Бұл — мұндай жағдайдың алғашқысы емес. Бұған дейін дәл сол Челмсфорд түрмесінде алаяқтық үшін сотталған Джунеад Ахмед те жалған құжаттың негізінде босатылған. Түрме әкімшілігі Корольдік соттан келгендей етіп жасалған жалған хатқа сеніп, оны еркіндікке шығарған.
Айта кетейік, аталған оқиға қоғамда үлкен пікір тудырды. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Хадуш Кебатудың Челмсфорд түрмесінен қателікпен босатылуына байланысты ашу-ызаға толы пікір білдірді. Ол мұндай жағдайдың мүлде қабылдауға болмайтынын айтып, тергеу жүріп жатқанын атап өтті.
Sky News мәліметінше, 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың наурызына дейін Ұлыбританияда барлығы 262 сотталған адам қателікпен босатылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 128 пайызға көп (115 жағдай). Оның ішінде 233 адам түрмеден, ал тағы 29 адам сот залынан қате шешім нәтижесінде босатылған.