Қатерлі ісік Швециядағы өлім-жітімнің негізгі себебіне айналды

AСТАНА. KAZINFORM — Соңғы онжылдықтарда Швецияда өлім деңгейі айтарлықтай төмендеген, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Швецияда қатерлі ісік өлімнің негізгі себебіне айналуда
Фото: Азертадж

1969 жылдан бері әр 100 000 тұрғынға шаққандағы өлім саны 50%-дан астам азайған, ал өмір сүру ұзақтығы шамамен он жылға артқан.

Швецияның Орталық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы әйелдер орта есеппен 85,4 жасқа дейін, ал ер адамдар — 82,3 жасқа дейін өмір сүрген. Бұл өзгерістің басты себебі — жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлімнің күрт азаюы.

1969 жылы инфаркт пен инсульттан әр 100 000 тұрғынға шаққанда шамамен 1000 әйел және 1200-ден астам ер адам қайтыс болған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш тиісінше 200 және 300-ге дейін төмендеген.

Осы өзгерістер аясында қатерлі ісік біртіндеп өлімнің негізгі себебіне айналып келеді. Елдің бірнеше өңірінде — Стокгольм, Уппсала және Готландта қатерлі ісік әйелдер арасындағы басты өлім себебі болса, ерлер арасында Стокгольм, Халланд және Готланд аймақтарында бірінші орынға шыққан.

Жастар арасындағы өлім-жітім де азайып келеді. Өткен жылы нәрестелердің сыртқы себептерден шетінеу жағдайлары тіркелмеген. Сондай-ақ кенеттен шетінеу синдромынан (СВДС) қайтыс болған балалар саны рекордты төмен деңгейге жеткен: өткен жылы 6 жағдай тіркелген, бұл — бір жыл бұрынғы 13 жағдаймен және 1990 жылғы 146 жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Мамандардың айтуынша, бұл статистикалық деректер сенімді және өлім-жітімді азайтуға бағытталған ғылыми зерттеулерде кеңінен қолданылады.

Осыдан бұрын Швецияда көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік төлемдерді қысқарту жоспарланып отырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар