Қатерлі ісіктерді ерте анықтау: Алматыда 2 мың адамға диагноз қойылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмыстары күшейтіліп келеді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматы онкологиялық орталығында меланома, тері обыры және қалқанша безі ауруларының алдын алу мен ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтті. Іс-шара аясында 179 адамға дәрігер-онкологтар кеңес берді. Сонымен қатар бірқатар науқасқа қалқанша безі мен жұмсақ тіндердің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізілді.
— Тексеру қорытындысы бойынша бес науқастан тері обырына күдік анықталды. Қазіргі уақытта олар диагнозды нақтылау және әрі қарай емдеу тактикасын айқындау үшін қосымша тексеруден өтіп жатыр, — деді Алматы онкологиялық орталығының консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Ақбота Әділова.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте анықтау — емнің тиімді болуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Скринингтік бағдарламалар мен диагностикалық көмектің қолжетімділігін арттырудың арқасында Алматыда қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші жақсарып келеді.
Мәселен, 2026 жылдың төрт айында Алматыда алғаш рет онкологиялық диагноз қойылған 1962 науқас тіркелген. Дәрігерлер мұны халықтың профилактикалық тексерулерге жиі қатысуымен және диагностика сапасының артуымен байланыстырады.
Еске салайық, елдегі балалар онкологиясында заманауи емдеу әдістері енгізіліп жатыр.