Катманду әуежайында Turkish Airlines ұшағының шасси дөңгелектері өртенді
АСТАНА. KAZINFORM – Непал астанасы Катмандудағы Трибхуван халықаралық әуежайында қону кезінде Turkish Airlines әуе компаниясының ұшағының шасси дөңгелектері өртенді. Бұл туралы Синьхуа хабарлады.
Әуежай қауіпсіздігі департаментінің өкілі Радж Кумар Силвалдың айтуынша, өрт шыққаннан кейін жолаушылар авариялық шығу есігі арқылы эвакуацияланған.
– Өрт сөндірушілер жалынды сөндіріп жатқан кезде жолаушылар шұғыл түрде сыртқа шығарылды. Ұшақтағы 276 жолаушы мен экипаждың 11 мүшесі аман-есен құтқарылды, – деді Радж Кумар Силвал.
Оқиға ұшу-қону жолағында болғандықтан, әуежайдағы ұшақтардың ұшып-қону жұмыстарына уақытша қиындық туғызған.
Ал Непал азаматтық авиация басқармасының ақпарат бөлімінің қызметкері Гьянендра Бхул мамандар апатқа ұшыраған ұшақты рульдеу жолағына сүйреп шығару жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Суданда ұшақ құлап, 14 адам мерт болғаны хабарланған еді.