Катонқарағайда аюлар қысқы ұйқыдан тұрды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде аюлар қысқы ұйқыдан оянып, індерінен шыға бастады.
Қорық қызметкерлері орнатқан фототұзақтардың біріне қоңыр аю түсіп қалған. Орманшы Жомарт Аманбаев орнатқан камера әдетте маралдар келетін сортаң маңында жануарларды тіркеген. Алайда бұл жолы кадрға қысқы ұйқыдан кейін белсенді түрде қорек іздей бастаған аю да ілінген.
Ұлттық парк мамандарының айтуынша, көктемгі кезең жабайы жануарлар үшін ең күрделі уақыттардың бірі. Ұзақ ұйқы мен азық тапшылығынан кейін олар әлсіреп, қосымша қорекке мұқтаж болады.
- Біз алдын ала сортаңдарды дайындап, қыстан кейін жаңартып отырамыз. Бұл тұз бен минералды қоспалар қалдырылатын арнайы орындар. Олар жануарлардың қысқы ұйқыдан кейін тезірек қалпына келуіне, ағзасын нығайтуына және табиғи қорек әлі жеткіліксіз болатын көктем мезгілінен аман өтуіне көмектеседі, - дейді Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері.
Минералды қорек әсіресе көктемнің басында маңызды, себебі тауларда әлі қар жатады, ал өсімдіктер енді ғана көктей бастайды.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодар облысында мұз құрсауынан құтқарылған аққулар айдынына оралғаны хабарланған.