Катонқарағайда қонақүй тапшылығы мәселесі өзектілігін жоймай тұр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына жаңа қонақүйлер салу үшін инвестор іздестіріліп жатыр.

Катонқарағай
Фото: Ақсу ауылдық округінің әкімдігі

ШҚО Туризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірге ақша құйған инвесторларға туристік нысандарды салуға жұмсаған шығындарының 10 пайызына дейін өтемақы беріледі. Мұндай қолдауды Алтай ауданында кәсіпкер қонақүй құрылысы кезінде алған. Сондай-ақ Катонқарағайдағы «Баян» демалыс базасына қатысты да осындай жеңілдік беру қарастырылып отыр.

Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен туристік автобустар бағасының 25 пайызына дейін субсидиялау көзделген. Қазір жаңа бағыттар әзірленіп жатыр.

- Ішкі туризм жыл сайын өсіп келеді. Бірақ біз көптеп келетін туристерді қабылдауға әлі толық дайын емес екенімізді түсінуіміз керек. Әсіресе Катонқарағайда қонақүй тапшылығы мәселесі өте өзекті. Бүгінде аудан әкімі қонақүйлер салуға арналған жер телімдерін бөлумен айналысып жатыр. Жақын арада жаңа нысандар салуға ниетті инвесторлар табылады деп үміттенемін, - дейді басқарма басшысы Ержан Сембинов.

Еске салсақ, осыған дейін туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 460 млрд теңгеден асқаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар