Катонқарағайдағы мектеп ТМД-да бірінші болып Google мәртебесін алды

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының ең шалғай нүктесінде, облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан Катонқарағай ауданындағы Өрел орта мектебі бүгінде Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша білім беру саласында үлкен серпіліс жасап отыр. Бар-жоғы 75 оқушысы мен 28 мұғалімі бар бұл шағын білім ордасы халықаралық Google Reference School мәртебесін алған аймақтағы алғашқы мектеп атанды.

п
Фото: Видеодан алынған скрин

Жасанды интеллект пен Google Workspace for Education платформасын күнделікті оқу процесіне еркін енгізген ауыл мектебі бүгінде жаһандық тәжірибе алмасу орталығына айналған.

Мұндағы ұстаздар өзге қалалардағы әріптестерімен байланысу үшін Google Meet қолданса, сабақ барысында Gemini құралының көмегімен виртуалды тәжірибелер жасап, оқу материалдарын әр баланың қабілетіне қарай бейімдейді. Ал Google Earth бағдарламасы ауыл балаларына мектеп партасында отырып-ақ әлемді виртуалды зерттеуге мүмкіндік беріп отыр.

ф
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл ауқымды жобаның қалай басталғаны және оның маңызы туралы Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев баяндап берді. 

– Біз бұл жобаны осыдан бір жарым жыл бұрын Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, Google компаниясымен меморандум аясында бастадық. Жалпы Қазақстан бойынша 14 мектеп іріктеліп қосылған еді. Осы бағдарламаның финалдық деңгейі – өте жоғары көрсеткіш көрсеткен білім ордасына Google тарапынан инновациялық мектеп ретінде танылатын Google Reference School мәртебесін беру еді. 14 мектептің ішінен алғашқы болып, тіпті бүкіл Орталық Азия мен ТМД елдері бойынша бірінші болып бұл мәртебеге Өрел орта мектебі ие болды, – деді ол.

Бүгінде Google-дың ресми сайтында Өрел мектебінің арнайы парақшасы ашылып, мұндағы ұстаздардың Gemini AI, NotebookLM, Workspace, Classroom бағдарламалары бойынша сарапшылық білімі бар екені халықаралық деңгейде бекітілген. Енді әлемнің кез келген нүктесіндегі мектептер Катонқарағайдың мұғалімдерімен байланысып, тәжірибе алмаса алады. 

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

Lenovo компаниясының қолдауымен мектеп ChromeOS жүйесіндегі заманауи хромбуктармен жабдықталған. Бұл құрылғылар балалардың ауа райына қарамастан, үйде немесе қалада болса да бірлесіп білім алуына жағдай жасады.

Жаңа технологиялардың мектепке әкелген серпілісі мен мұғалімдердің кәсіби өсуі туралы Өрел орта мектебінің математика пәні мұғалімі Мадина Ахмерова мақтанышпен бөлісті

– Мектебімізге берілген жаңа хромбуктар оқушылар үшін технология әлеміне ашылған терезе болды. Ең үлкен мақтанышымыз – 28 ұстазымыз түгелдей Google Education командасының қолдауымен арнайы курсты аяқтап, халықаралық деңгейдегі Google Creator сертификатын иеленді. Қазір олар цифрлық технологияны кәсіби меңгерген мықты тренерлерге айналды. Жасанды интеллект бізді қағазбастылық пен күнделікті күйбең тірліктен құтқарды. Әсіресе оқу жылының соңында әр баланың деңгейіне сай тапсырмалар мен тесттер дайындауда ЖИ-дің көмегі зор. Кейде оқушының математикалық есепті менің түсіндіргенімнен емес, ЖИ арқылы жасалған интерактивті ойын арқылы тез әрі жеңіл ұғынып кететін кездері болады, – дейді мұғалім.

ф
Фото: Видеодан алынған скрин

Заманауи құралдар қаншалықты дамығанымен, ол ұстаздың орнын баса алмайды. Мадина Ахмерованың айтуынша, білім беру тек ақпарат берумен шектелмейді – ол тірі қарым-қатынасты, мейірімділік пен тәрбиені талап етеді. 

– Бірақ ЖИ-ді меңгерген ұстаз, оны қолданбайтын мұғалімді алмастыратыны анық, – дейді ол. 

Ауыл балаларының әлемдік деңгейдегі заманауи білімге қол жеткізуі халықаралық сарапшыларды да бейжай қалдырмаған. Жобаның нәтижесіне таңғалған Google Education директоры Анна ханым Лондоннан Катонқарағайдың таулы аймағындағы Өрел ауылына арнайы келіп, инновациялық мектеп тақтайшасын өз қолымен табыстаған.

– Жобаны бастамас бұрын Ұлыбритания, Польша, Болгарияға барып, тәжірибе зерттедік. Ал 1,5 жылдық еңбектің нәтижесін көріп, Лондоннан Анна ханымның өзі Өрелге келгенде көз жасымды тыя алмадым. Мен Лондон мен Польшаның балаларын көргенде, біздің қара домалақ балаларымыз қашан осылай еркін сөйлеп, сыни ойлайды деп армандаған ем. Біздің оқушыларымыз да бүгін солардан кем емес деп балаларға сөз сөйлегенде тамағыма өксік тығылды. Жобалық оқытудың мәні де осында – соңғы нәтиже емес, баланың сол нәтижеге қалай жеткені маңызды, – дейді Данияр Тоқтарбаев сол сәттегі тебіреністі сәтті еске алып.

Жақында Мемлекет басшысының орта мектептерге жасанды интеллекті енгізу туралы Жарлыққа қол қойған еді

Сарапшылардың пікірінше, бұл өте дер кезінде қабылданған шешім. Қоғам ЖИ құралдарын белсенді қолданып жатқан заманда, мектеп уақыт көшінен артта қалмай, оны оқушыны бағалау мен оқытуда орынды пайдалану ережелерін айқындауы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін, Астаналық мектеп оқушылары қарттар мен дәрігерлерге көмектесетін ЖИ-роботтар ойлап тапқан еді.