Катонқарағайдағы орман өрті: Тікұшақпен 10 рет су төгілді, жұмыстар жалғасуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы орман өртімен күрес жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тілсіз жаудың жалпы ауданы анықталуда.

«Жетуі қиын таулы жерде шөп пен бұта өртенуде. Сол жерге өрт сөндірушілердің, орманшылардың, жергілікті атқарушы органдардың және «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің жеке құрамынан 123 адам, 3 техника жұмылдырылған. ШҚО әкімдігінің авиация бөлімшесінің 2 тікұшағы да тартылды. Тікұшақтармен барлығы 10 рет су төгілді. Белсенді жану ошақтары жоқ. Кей жерлерде жекелеген түтіндер байқалады. Ол жерлерде де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өрттің таралуына жол берілген жоқ», - делінген ақпаратта.

Оқиға орнында ШҚО әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев жүр. Облыс әкімі Ермек Көшербаев қазір Риддер қаласынан 80 шақырым жерде тұтанған өртпен күрес жұмыстарын бақылауда. Ондағы өрт оқшауланған.

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында орман өртеніп жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар