Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Катонқарағай — Шығыс Қазақстандағы табиғаты ерекше аудандардың бірі. Туристер мұнда Алтай тауларының ең биік нүктесі — Мұзтау шыңын көруге, қалың балқарағайлы ормандарды аралауға және емдік қасиетімен танымал, суы кәусәр Рахман қайнарларына демалуға келеді.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Катонқарағайда дәмі тіл үйіретін табиғи балды, еш жерде кездеспейтін балқарағай жаңғағын, қымызын және пантокрин өнімдерінің дәмін татып көре аласыз. Белсенді демалысты ұнататын туристер үшін жаяу туризм, атқа отырып серуендеу және тауға шығу ұйымдастырылады.

Kazinform тілшісі бұл мақалада ауданға қалай жетуге, қайда баруға болатыны және туристерді қызықтыратын өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді. 

Аймақта Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Берел қорымы да орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде № 11 қорғаннан алтынмен әшекейленген 13 тұлпар, сақ дәуірінің билеушісі мен әйел адамның сүйегі табылған. Бүгінде бұл нысан ежелгі өркениет пен Алтай тарихын танытатын маңызды туристік орындардың бірі саналады.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Қалай жетуге болады?

Катонқарағайға ең жақын қала — Өскемен. Екі араның қашықтығы 344 шақырымдай. Ауданға жеке автокөлікпен немесе таксимен жетуге болады.

Катонқарағайға апаратын үш бағыт бар. Біріншісі — Күршім ауданы арқылы Ертістің оң жағалауымен өтетін жол. Екіншісі — Самар ауданы арқылы Бұқтырма су қоймасындағы паром өткелімен қатынайтын бағыт. Үшіншісі — Осинов асуы арқылы өтетін жол. Жол таулы, серпантинді болғандықтан қай бағытты таңдасаңыз да, жолға орта есеппен 5-6 сағат уақыт кетеді.

Қай мезгілде барған дұрыс?

Катонқарағайға жылдың қай мезгілінде барсаңыз да ерекше сұлу кейіпте тұрады. Дегенмен көпшілік мамыр-тамыз айларында келеді.

Қайда қонуға болады?

Катонқарағайда туристерге арналған қонақ үйлер, демалыс базалары, ағаш коттедждер мен киіз үйлер бар. Олар Катонқарағай ауылында, Берел мен Аршаты ауылдарына баратын жол бойында орналасқан. Жаздың қызған маусымы, әсіресе шілде айында бос орын табу қиындайтындықтан, қонақүйді алдын ала брондаған жөн.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Катонқарағайда қай жерлерге барған жөн?

Катонқарағай ауданына келген туристердің басым бөлігі бірнеше негізгі бағытты қамтып жатады. Бұл жерлер табиғатымен ғана емес, тарихи-мәдени мұрасымен де ерекшеленеді.

Сапарды аудан орталығы — Катонқарағай ауылынан бастаған жөн. Мұнда туристік инфрақұрылым жақсы дамыған, қонақ үйлер, демалыс базалары, дәмханалар мен жергілікті өнімдер сатылатын дүкендер орналасқан.

Шыңғыстай ауылы. Мұнда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Оралхан Бөкейдің музей-үйі мен қоғам қайраткері, ағартушы Әбдікерім Ережепұлына арналған музей жұмыс істейді.

Рахман қайнарлары. Әртүрлі тері және буын ауруларына ем Рахман қайнарлары Катонқарағайдан 111 шақырым жерде орын тепкен.

Өрел ауылы. Қалың орман мен асқар таулардың ортасында орналасқан бұл ауылды саяхатшылар әсем табиғаты үшін жақсы көреді.

Берел ауылы. Бұл ауыл Қазақстандағы ең көрікті топ-5 ауылдардың бірі ретінде танылған. Мұнда әлемге әйгілі Берел қорғандары, сақ дәуірінің тарихи-мәдени кешені мен Берел музейі бар. 

Қаракөл көлі. Табиғи көрікті жерлердің ішінде Қаракөл көлі ерекше орын алады. Ашық күндері көл жағасынан Алтайдың ең биік шыңы — 4509 метрлік Мұзтау анық көрінеді.

Сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың қатарында Көккөл сарқырамасы, Арасан көлі, Бұқтырма су қоймасы, Арша тауы, Ерек асуы, Бұрқат көлі, Тарбағатай жайлауы және Сарымсақты сарқырамасы бар.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Үш күндік маршрут

Өскеменнен басталатын саяхатты үш күнге жоспарлауға болады. Алғашқы күні жолай табиғаты көркем Осинов асуына аялдап, Ертіс өзеніндегі Қазақстандағы ең ұзын көпір мен Бұқтырма су қоймасын тамашалап, кешке Катонқарағай ауылына жетіп қонуға болады.

Екінші күнді өңірдің ең танымал туристік бағыттарына арнаған жөн. Бұл күні Шыңғыстай, Өрел және Берел ауылдарын аралап, Берел музейі мен қорғандарын көруге, одан әрі ауа райы мен уақытыңызға қарай Арасан көлі мен Көккөл сарқырамасына баруға болады.

Ал сапардың соңғы күнін жергілікті тіршілікпен танысуға арнаған абзал. Орман ішінде серуендеп болған соң, Катонқарағайдың шағын базарына соғыңыз. Кейін Бұқтырма су қоймасының жағасымен Өскеменге жол тартып, Алтаймен қимай қоштасасыз.

Катонқарағайда қалай демалуға болады?

Катонқарағайда демалыстың екі түрі кеңінен дамыған: белсенді және тынығу-сауықтыру туризмі. 

Белсенді демалысты қалайтын туристер үшін атпен серуендеу, жол талғамайтын көлікпен экскурсиялар және жаяу туризм бағыттары ұйымдастырылады. 

Көз тоймас Катонқарағай жеріне тур ұйымдастырушы Аян Қалымбектің айтуынша, ең танымал жаяу маршруттардың бірі — Рахман қайнарларынан биіктігі 80 метрлік Көккөл сарқырамасына дейінгі өзен жағасын бойлай өтетін, қалың орман ішіндегі бір сағаттық соқпақ. Тағы бір сұранысқа ие бағыт — Рахман көлінен Арасан көліне дейінгі шамамен төрт шақырымдық жаяу жол. Осы маршруттың панорамалық нүктелерінен Алтайдың ең биік шыңы — Мұзтауды тамашалауға болады.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Қаракөл көліне апаратын Ақберел соқпағы бар. Ерек асуындағы Австро-Венгрия тұтқындары салған тарихи тау жолына да жаяу шығуға болады.

Ал тыныш демалысты қалайтындар үшін Катонқарағайдағы шипажайлар мен демалыс орындары қызмет көрсетеді. Мұнда панто ваннасын қабылдап, емдік қасиетімен танылған қымыз бен саумалдан дәм татып, табиғи бал мен балқарағай өнімдерін пайдаланып, тау мен орманның таза ауасында серуендей аласыз.

Катонқарағай өнімдері

Аудан орталығында дәмхана мен шағын тамақтану орындары жұмыс істейді. Бір адамға бір күндік тамаққа орта есеппен 7-8 мың теңге жеткілікті.

— Бұл ауданның өзіндік брендіне айналған табиғи өнімдері бар. Туристер ең алдымен Алтайдың хош иісті балын, балқарағай жаңғағын, қолдан жасалған сүзбе, құрттың дәмін татып, қымыз бен саумал ішеді. Сонымен қатар емдік қасиетімен танымал пантокрин өнімдері де сұранысқа ие, — дейді Аян Қалымбек.

Ұлттық тағамдарды ұнататындар үшін жергілікті дәмханалардан қазақтың дәстүрлі етін, ыстық бауырсағын және басқа да тағамдарын жеп көруге болады. Алтайдың таза ауасымен тыныстап, табиғи өнімдерден дәм тату — бұл сапардың ерекше әсер беретін сәттерінің бірі.

Сапарға шыққанда өзіңізбен не алған дұрыс?

Катонқарағай — таулы әрі климаты құбылмалы аймақ. Сондықтан саяхатқа шығар алдында қажетті заттарды алдын ала дайындаған жөн.

Жеке заттардың ішінде міндетті түрде: суға түсетін киім, сүлгі, тәпішке, күннен қорғайтын көзілдірік, күннен қорғайтын крем, бас киім, жаңбырдан қорғайтын киім және ыңғайлы, табаны берік аяқ киім болғаны дұрыс.

Жаз мезгілінде күндіз ауа температурасы 25-27 градусқа дейін көтерілгенімен, таулы аймақта ауа райы тез өзгеруі мүмкін. Сол себепті жылы киімді жылдың қай мезгілінде барсаңыз да алып жүрген жөн.

Орманды және таулы жерлерде маса мен кене кездесуі мүмкін. Сондықтан жәндікке қарсы спрей қажет. Өңірде байланыс кейбір жерлерде тұрақсыз, ал банкоматтар аз. Сол себепті жолға шығар алдында қажетті карталарды жүктеп, өзіңізбен бірге қолма-қол ақша алып жүрген жөн.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Қауіпсіздік ережелері

Катонқарағай — табиғаты ерекше, бірақ таулы аймақ болғандықтан қауіпсіздік талаптарын сақтауды қажет етеді. Таулы бағыттарда жүргенде тайғақ немесе бос жатқан тастарға абай болып, белгіленген соқпақтан шықпаған дұрыс. Орман ішінде жалғыз жүрмей, топпен жүрген жөн. Себебі Алтайды жабайы аңдар мекендейді.

Туристік бағыттарда жыртқыш аңдармен кездесу өте сирек. Ауданда марал, елік, бұлан, тиін, саршұнақ, суыр, түлкі және қоян сияқты жануарлар мекендейді. Жабайы жануарларды көрген жағдайда оларға жақындамай, тек алыстан бақылаған жөн. Табиғатқа шыққанда қоршаған ортаға ұқыпты қарап, қоқыс қалдырмау — әр саяхатшының басты ережесі болуы тиіс.

Катонқарағайға саяхат қанша тұрады?

Катонқарағайға бару құны таңдалған демалыс түріне байланысты. Туроператорлар ұсынатын үш күндік турдың бағасы орта есеппен 120-160 мың теңге аралығында. Бағаға әдетте Өскеменнен барып-қайту трансфері, қонақүйде немесе демалыс базасында тұру, үш мезгіл тамақтану, гид қызметі, негізгі туристік орындарға экскурсиялар, локациялар арасындағы тасымал, жаяу серуен және монша кіреді. Сапарды ұзартқысы келетіндер үшін әр қосымша күнге шамамен 40-50 мың теңге қосылады.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Өз бетіңізше саяхаттайтындар үшін шығын көлемі өзгеше. Өскеменнен Катонқарағайға таксимен жету құны бір адамға орта есеппен 8-10 мың теңге. Қонақүй немесе демалыс орнында бір түн қону бағасы 7-10 мың теңге, ал бір күндік тамаққа шамамен 7-8 мың теңге қажет.

Бұған қоса мұражайлар мен табиғи нысандарға кіру билеттері және өзге де шығындарды ескергенде, өз бетіңізше саяхаттайтын бір адамға күніне шамамен 50 мың теңге жеткілікті.
Ал жайлылығы жоғары демалысты қалайтын туристер үшін ауданда қызмет көрсету деңгейі жоғары қонақ үйлер мен экологиялық демалыс орындары да бар. Мұндай орындарда бір тәуліктің бағасы шамамен 150 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Катонқарағайға саяхат: ең көрікті орындар мен жол шығыны
Фото: Алтай Жампейісов

Катонқарағайдың сұлулығын биіктен тамашалағысы келетіндер үшін тікұшақ турлары да ұйымдастырылады. Бір сағаттық әуе саяхаты кезінде Мұзтау, Алтайдың таулы аймақтары мен ең көрікті табиғи орындарын құс қанатындағы биіктіктен көруге болады. Осындай турдың құны бір адамға шамамен 390 мың теңге.

Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстауға саяхат қанша тұратындығы жайлы жазғанбыз