Қатты боранға байланысты еліміздің бірқатар республикалық маңызы бар жолдарындағы көлік қозғалысына шектеу қойылды

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Қатты боранға байланысты еліміздің бірқатар республикалық маңызы бар жолдарындағы көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Қатты боранға байланысты еліміздің бірқатар республикалық маңызы бар жолдарындағы көлік қозғалысына шектеу қойылды

Бұл туралы бүгін «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, кеше таңертең Ақтөбе облысы аумағындағы «Қарабұтақ-Комсомольск» автожолының Комсомольск пен Қостанай облысы шекарасына дейінгі 0-231 шақырымындағы аралықта жолға шығуға тыйым салынды.

Сондай-ақ Қостанай облысында кешеден бері «Қарабұтақ-Қостанай» автожолының Қамысты-Ақтөбе облысы аумағына дейінгі 231-330 шақырымында, «Екатеринбург-Алматы» автожолының 589-729 шақырымында да көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы «Көкшетау-Рузаевка» автожолының 61-192 шақырымындағы, «Жезқазған-Петропавл» жолының 800-719 шақырымы, «Мамлютка-Қостанай» автожолының 0-180 шақырымындағы жол учаскелері бүгін сағат 09:00-ден бастап ашылды. «Қазақавтожол» РМК-ның арнайы техникалары жолдың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі кезде аталған жол аралықтарында кезекшілікке шықты.