Кәуап исіне тұншыққан Алматы тұрғындары әкімге шағымданды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында алматылықтың кәсіпкерге қатысты шағымына жауап берді.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

«Мен Торайғыров көшесінде орналасқан кәуапханадан 500 метр қашықтықта орналасқан үйде тұрамын, бөлмемнің терезесін ашу мүмкін емес. Себебі, кәуапханадан шыққан түтін иісі шығады. Өтінемін, қандай да бір шара қолданыңызшы», - деді аудан тұрғынының бірі.

Шаһар басшысы осындай шағымның басқа аудандардан да түскенін, қазір қала бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Әрбір тексерістен бұрын факті Құқықтық статистика комитетінде тіркеледі, ол жерде кәсіпкерлерге артық қысым жасап жатқан жоқпыз ба, сол мұқият қаралады. Өткен жолы осы мәселені Ұлттық экономика министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігіне ұсынғанымды айтқан болатынмын. Ұсыныс қабылданғаннан кейін мәселені жүйелі түрде шешеміз деп үміттенемін. Қажетті жұмыстарды жүргіземіз», – деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, қала басшысы кәсіпкерлік басқармасына, аудан әкімдігіне, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырды.

«Заң талаптарына сәйкес келетін жақсы сүзгілерді орнату керек, осы бойынша кәсіпкермен сөйлесіңіздер, егер орнатпаса, тиісті шаралар қабылдаңыздар», – деді қала әкімі.

Қала басшысы бизнестің кәсіпкерлік Кодекспен қорғалғанын және мәселені шешу үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет екенін тілге тиек етті.

«Қала прокуратурасын объективті тексеріс жүргізуге шақырамын, белгіленген нормалар мен ережелердің сақталмағанын және негізгі талаптардың орындалмай жатқанын көріп, соның негізінде шешім қабылдауға болады, барлығы заңды түрде болуы керек», – деді Ерболат Досаев.

Соңғы жаңалықтар