Қауіпсіздік Кеңесі ақпараттық және көлік қауіпсіздігі мәселелерін қарады

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы сараптамалық кеңестің отырысы өтті.
None
None

Күн тәртібіне Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі, Көлік қауіпсіздігінің жай-күйі мен оны қамтамасыз етудің шаралары және Қазақстанның көлік әлеуетіне қатерлер туралы мәселелер енгізілді.

Сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаһандық үрдістерге байланысты қатерлер мен проблемалар бар екенін айтты. Олардың пікірінше, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды қыры ақпараттық ресурстарды нығайту және дамыту, олардың ішкі мазмұнын күшейту, сондай-ақ Қазақстанның кибернетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Пікірсайыс барысында сарапшылар мемлекеттің отандық медиа-индустрияны, спутниктік, сандық теле- және радиохабар таратуды, Интернеттің қазақстандық сегментін дамытуды ынталандыруының маңызын атап көрсетті.

Кеңесте көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді кешенді тұрғыда шешу мәселесіне баса назар аударылды. Қазақстандық қоғамның орнықты қызметінің маңызды қырларының бірі - елдің көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Осы заманғы геосаяси жағдайда көлік қауіпсіздігі ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ету мәселесі болып табылады.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның өткізу нарығы орасан зор мемлекеттермен көршілес болуы Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғастыратын маңызды геоэкономикалық аймақ ретінде қазақстандық транзиттік әлеуетті елеулі түрде арттыра түседі. Ғалымдар отандық көлік инфрақұрылымын және көліктік-логистикалық жүйені жаңарту және жеделдете дамыту, сондай-ақ Қазақстанның көлік әлеуетіне тудыратын қауіптерді залалсыздандыру қажеттігін атап көрсетті.

Отырысты қорытындылай келіп, Сарапшылар кеңесінің төрағасы М.Тәжин елдің ақпараттық және көліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемаларына жан-жақты және кешенді талдау жасау қажеттігін, Қазақстанның көлік әлеуетін тиімді дамытудың маңызын, сондай-ақ осы мәселелер бойынша ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың нақты ұсынбалар жасауы қажеттігін атап көрсетті.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы сарапшылық кеңес ғылыми, сараптамашылық зерттеу мақсатында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-әдістемелік ұсынбалар әзірейтін ғылыми-кеңесші орган.

Кеңес мүшелері жетекші ғалымдар, талдамашылар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері.

Талқылау барысында Сарапшылық кеңес күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсынбалар берді, олар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және ҚР Қауіпсіздік кеңесінің ведомствоаралық комиссияларының жұмысында пайдаланылатын болады.

Соңғы жаңалықтар