Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жоспарлы жұмыстар

АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат - Гвардейскіде қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқа отырысы болып өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚМ баспасөз қызметі.

Күн тәртібіне сәйкес бірінші жартыжылдықтағы жауынгерлік әзірліктің қорытындысы және әскерлердегі жауынгерлік дайындықтың сапасын арттыру мәселесі қаралды. Қазақстан Армиясы қару-жарағы мен әскери техникасының даму тұжырымдамасы, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басшы құрамының әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жұмысы талқыланды.

- Қарулы Күштердің басты міндеттерінің бірі қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жауап бере алатын әскерлердің жауынгерлік және жедел әзірлігі көрсеткіштерінің сапасын көтеру, кәсіби әскери басқару корпусын құру болып табылады,-деп атап көрсетті алқа отырысында Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. - Бұл Ел Президенті - Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыру талабын жүзеге асыру мүмкіндіктерін туғызады.

Жауынгерлік әзірлік Қарулы Күштердің техникалық жарақтандырылуымен тікелей байланысты екендігі белгілі. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігінде қару-жарақ пен әскери техниканы дамытудың Тұжырымдамасы жасалуда.

Ел Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев сонымен бірге резервтегілердің де сапалы дайындығына аса зор мән береді.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғау және басқа да міндеттерді толыққанды жүзеге асыру жеке құрамның дайындығына және Армияның заманауи қару- жарақпен қамтамасыз етілуіне де байланысты.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, биылғы жылы Конституцияның 15 жылдығына әскери шеру өткізіліп, Қазақстан Армиясының жауынгерлік қуаты көрсетілмек.

Алқа отырысында атап өтілгендей, жалпы Қарулы Күштерде, Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы Қорғаныс министрлігінің құрылымында Әскери-техникалық саясат департаменті дүниеге келді. Бұл шешім уақыт талабына сай жүзеге асырылды, департаменттің қызметі қазірдің өзінде жемісін беруде. Департаменттің бастамасымен «KADEX-2010» бірінші қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік халықаралық көрмесі ұйымдастырылып өткізілді.

Қазіргі таңда әскери-техникалық саясат тұжырымдамасы әзірлену үстінде, бұл салада халықаралық байланыстар кеңеюде.

- Жеткен жетістіктермен шектеліп тоқтап қалуға негіз жоқ, әлі атқарылатын істер жеткілікті, отандық қорғаныс кәсіпорындарымен байланысты кеңейтіп, нығайта түскен жөн. Бұған Республика Үкіметінің шешімімен Қорғаныс министрлігінің құрамына енген «Казинжиниринг» ҰК АҚ мен «Казвзрывпром» АҚ мүмкіндік туғызады деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.- Сондай-ақ, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының сапалы орындалуы үшін бірлесіп жұмыс істеу қажет.

Осыған орай әскери алқа қарсаңында Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қорғаныс өнеркәсібі басшыларымен кездесіп, кеңес өткізген болатын.

Кеңесті өткізу мақсаты әскери мақсаттағы өнімдерді өндіретін отандық кәсіпорындарды көптеп тарта отырып, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту, технологиялық жетілдіру мәселелерінің негізгі бағыттарын талқылау болып табылады.

Сондай-ақ, министр ғылыми және жоғары технологиялық өндіріс орындарын құру жолымен, әскери мақсаттағы жаңа өнімдер өндіретін қорғаныс кәсіпорындарын дамыту әскеріміздің қорғаныс қабілетін жетілдіре түсетінін атап өтті.

- Біз бірлескен әскери-техникалық саясат жүргізу арқылы мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қару-жарақ пен әскери техника сұранысын анықтай аламыз, - деп атап өтті Қорғаныс министрі. - Осы саясаттың әскерлер мен әскери құралымдарға тиімділігінен Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін анықтауға болады.

Әскери алқа отырысында, сонымен қатар, әскери тәртіп мәселесі де кеңінен талқыланды.

Қарулы Күштерде жүргізілген әскери және құқықтық тәртіп сартаптамасы көрсеткендей, соңғы уақытта бұл мәселеде ілгерлеушілік басым.

Қорғаныс министрі әскери тәртіпті жетілдіру жұмыстары бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар қойды. Оның ішінде тәрбиеші офицерлерге бөлімдер мен бөлімшелерде «көшбасшылық қозғалыстар» жүйесін енгізу қажеттігі де айтылды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы 2010 жылдың екінші жартысына тапсырмалар қойды. Оның ішінде әскерлер мен басқару органдарының жауынгерлік деңгейін арттыру бар.

Алқа отырысында үстіміздегі жылғы қыркүйек айында ШЫҰ шеңберінде өтетін «Бейбіт миссия» террорға қарсы жаттығуларын өткізу мәселесі де талқыланды.

Алқа отырысынан соң министр Гарнизондық офицерлер үйінде Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылық құрамымен жеке қалып, осы жаттығуға дайындық барысына қатысты алқалы кеңес өткізді. Онда ұйымдастыру жұмыстары, әскерлерді, Оқу орталығының нысандары мен инфрақұрылымын дайындау, гарнизонның оқу-материалдық базасы мәселелері кеңінен қарастырылды.

Осы жерде бұған дейін аталған жаттығулардың төрт раунды өткізілгенін атап өткен жөн. Әскери жаттығуларды жоспарлау мен оны өткізу туралы кездесулерге ШЫҰ-на мүше елдердің әскери делегациялары қатысты.


- Бүгінгі жиында қызметімізді одан әрі жетілдіре түсуге негіз беретін мәселелер әңгімеге арқау болды деп айта аламын, - деді Қорғаныс министрі.

- Сіздерде нәтижесі жауынгерлік оқу, әскери тәртіп жағдайы, қару-жарақ пен әскери техниканың жауынгерлік қабілетін, бір сөзбен айтқанда Қарулы Күштердің қабілетін көрсететін мәселелерді шешудегі түсіністік қалыптасты деп сеніммен айта аламын. Алқа отырысының жабылуында Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әрбір лауазымды тұлға Қарулы Күштер алдында тұрған тапсырмаларды шешуде лайықты үлес қосады деген сенімін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар