Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратында бірқатар кадрлық тағайындау болды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының өкімдерімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратында бірқатар кадрлық тағайындау болды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

в
Фото: Ақорда

Президент өкімімен Александр Владимирович Суханов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Талдау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Сондай-ақ Расул Қабдоллаұлы Оразғұлов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бұрынғы лауазымынан босатылды.

Марат Мақсұтұлы Аймашев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол да бұрынғы атқарған қызметінен босатылды.

Ал Ерлан Ысқақұлы Байтұқбаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты Хатшылығының меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ережені бекіткен болатын.