Қауіпсіздік мәселелері бойынша Қазақстан-Қытай консультациялары өтті
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың 31 мамырында Астанада Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов пен Саяси бюро мүшесі, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси-құқықтық комиссиясының Хатшысы Чэнь Вэньциннің төрағалығымен қауіпсіздік мәселелері бойынша Қазақстан-Қытай консультациялары өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Құқық қорғау және арнайы орган басшыларының қатысуымен өткен жиын барысында бірқатар өзекті мәселе қаралды.
Тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің түрлі аспектілері, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматын қоса алғанда, халықаралық, сондай-ақ өңірлік құрылымдар шеңберіндегі үйлестіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Трансшекаралық қылмыспен күрес, халықаралық лаңкестік және экстремизмге, сепаратизмге қарсы іс-қимыл салаларында бірлесе күш жұмылдыру қажеттігі айтылды.
Ғизат Нұрдәулетов пен Чэнь Вэньцин қазіргі қыр көрсетулер мен қатерлерге қарсы тұру, сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қауіпсіздік саласындағы диалогты жүйелі негізде дамыту, соның ішінде екі елдің күштік құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызы туралы пікірлесті.
Айта кетелік Қазақстан мен Қытай автотасымалға арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз алмасуға келіскен еді.