Қауіпсіздік жағдайы нашарлаған өңірлерге азаматтарымыздың шығуына уақытша шектеу енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Қауіпсіздік жағдайы нашарлаған өңірлерге азаматтарымыздың шығуына уақытша шектеу заңнамалық тұрғыда енгізілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Қауіпсіздік жағдайы нашарлаған өңірлерге азаматтардың шығуына қатысты алдын алу шараларын күшейту қажеттігі байқалды. Эвакуациялық кезеңде кейбір азаматтардың қақтығыс аймақтарына сапарын жалғастыруы қосымша жүктеме туғызды. Осыған байланысты мұндай өңірлерге шығуды уақытша шектеуге мүмкіндік беретін заңнамалық тетіктер әзірленетін болады, — деді Премьер-министр жауабында.
Үкімет басшысының жауабына берілген анықтамаға қарағанда, эвакуациялау жұмыстары жүріп жатқан кезеңде Алматы қаласынан Дубай мен Шарджа қалаларына 191 азаматымыздың ұшып барған фактілері тіркелген.
— Осыған орай дағдарыс жағдайларында ұлттық және отандық әуе тасымалдаушыларын жедел жұмылдыру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ төтенше жағдайлар мұқтаждығы үшін арнайы әуе кемелерін сатып алу мүмкіндіктерін қосымша қарастыру жоспарланып отыр. 2026 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берілген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2026 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, сақтандыру секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасын және «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа Заңның жобасын әзірлеуге кірісті. Осыған байланысты сақтандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің форматын кеңейту және әлеуетін нығайту мәселелері сақтандыру туралы жаңа заң жобасын әзірлеу кезінде қаралатын болады, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Премьер-министр Олжас Бектеновтен Ирандағы әскери операциялар кезінде Таяу Шығыста қалып қойған қазақстандық туристерді елге әкелу бюджетке қанша шығын әкелгенін сұрап, сауал жолдаған еді.