Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қауіпті дәрілер енді сот шешімін күтпей сатылымнан алынады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов фармацевтикалық бақылауды күшейтуге бағытталған заңдағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.

Дәріхана/дәрілер
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Оның сөзінше, адам дәріханадан дәрі сатып алғанда, «бұл түпнұсқа ма, сапасы қандай, денсаулыққа қауіпті емес пе?» деп күмәнданбауы керек. Мемлекет оның қауіпсіздігін алдын ала тексергеніне сенімді болуы тиіс.

— Жақында Мемлекет басшысы фармацевтикалық бақылауды күшейту жөніндегі біздің авторлық түзетулеріміз енген заңға қол қойды. Бұған дейін тексеру барысында қауіпті дәрі-дәрмек анықталған күннің өзінде, заң бұзушының қызметін тек сот арқылы ғана тоқтатуға болатын. Сот отырыстары өтіп, шешім заңды күшіне енгенше, қауіпті болуы мүмкін өнім апталап, тіпті айлап дәріхана сөрелерінде қала беретін. Осы уақыт ішінде адамдар оны сатып алып, қолдануды жалғастыратын, — деп жазды ол Telegram-дағы парақшасында.

Мәселенің ауқымы жыл сайын өсіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы заңсыз сатылған өнімнің 151 атауы анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21 мыңнан астам бірлікке жеткен.

Аймағамбетов атап өткендей, таңбалау жүйесі тағы бір заңсыз схеманы анықтады: мемлекет пациенттер үшін сатып алған тегін дәрілердің бір қаптамасы екі рет есептен шығарылған жағдайлар болған. Бұл дәрінің өндірушіден нақты пациентке дейінгі бүкіл жолын бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Біздің түзетулеріміздің арқасында не өзгереді?

1. Қауіпті дәрілер сөреден дереу алынады

Егер жалған немесе сапасыз дәрі-дәрмек анықталса, ұзаққа созылатын сот процесінің аяқталуын күтпей-ақ, заң бұзушының қызметін тоқтатып, бірден тергеп-тексеруді бастауға болады.

Бұған дейін қауіпті өнім бірнеше ай бойы сатылымда тұра беретін. Енді тиісті шара заң бұзушылық анықталған күні-ақ қабылдануы тиіс.

2. Тексеруге қажетті дәрі үлгілерін мемлекет өзі іріктейді

Бұған дейін фармацевтикалық бақылау органы сатылымдағы дәріні өз бетінше алып, зертханаға жібере алмайтын. Ол өндірушіге жүгінуге мәжбүр еді. Ал өндіруші тексерушілерге қай партияны беретінін іс жүзінде өзі шешетін. Бұл студентке емтиханда жауабын жақсы білетін билетті өзіне таңдатумен бірдей.

Бақылау жүйесіндегі осы олқылықты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Жоғары аудиторлық палата да атап көрсеткен болатын. Енді зерттеуге арналған дәрі үлгілерін мемлекеттік органдар өздері іріктеп алады.

— Түзетулердің мәні қарапайым: егер дәрі адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін болса, мемлекет сот шешімін бірнеше ай күтпей, оны сөреден дереу алып тастауы керек. Өйткені денсаулық мәселесінде әрбір кешіккен күннің өзі — қауіп. Адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы тиіс, — деді Аймағамбетов.

Бұған дейін дәрі-дәрмек сатып алу кезінде мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келтірілгені анықталды.