Қай қала көш бастап тұр: «Таза қала» бағдарламасының қорытындысы шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы еліміздің 3 мегаполисі мен 20 моноқаласын аралап, қалалардың экологиялық ахуалы, көшелердің тазалығы, абаттандыру деңгейі, тұрғындардың санитарлық мәдениеті мен коммуналдық қызметін жан-жақты бағалады. Бес критерий бойынша жүргізілген зерттеу қалалардың нақты жетістіктері мен кемшіліктерін ашып көрсетіп, қорытындысын шығарды.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Мегаполистегі өзгерістер

Мегаполистер көркін жаңартып жатыр. Мәселен, Алматы тұрғындарын қуантқан басты жаңалық – өткен жылы құрылысы жүріп жатқан саябақтардың ашылуы. 

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Олар қала атмосферасына жаңа тыныс берді.

Таза қала
Фото: Kazinform

– Алматы – шабыттың қаласы. Мәселен, бір Сайранның өзі Нью-Йорктегі саябақтан да артық, – дейді әлемді шарлаған блогер Иван Червинский.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Шымкент те осы деңгейде. Эстетикалық нысандар көз тартып, заңсыз сауда орындары реттелген, қалалық қозғалысқа кедергі азайған.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– Көптеген дүңгіршектер болды. Арақ-шарап та сататын. Ондай жерде төбелес те көбейеді. Жеміс-жидек сататын орында қалдықтар сол күйі қалатын. Қазір бұл орынға саябақ салынып, көзіміз ашылды, – дейді қала тұрғыны.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Ал елордада жастар экологияға ерекше көңіл бөліп отыр. №38 мектеп-лицейдің оқушысы мен ұстазы электрэнергиясына тәуелді емес, күн сәулесімен жұмыс істейтін экологиялық фонтан ойлап тапты.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– Қалалық демалыс аймақтарын осындай пайдалы әрі экологиялық жобалар байыта түседі. Ол өте тиімді, – дейді 9-сынып оқушысы Диана Аманова.

Балқаштан Сәтбаевқа дейін: тұрғындар қаласын гүлдендіріп отыр

Моноқалалар жайына тоқталайық. Бағдарлама жүргізушілері олардың барлығын аралап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен коммуналдық қызмет сапасын зерделеді. Бес критерийдің бірі – дәл осы коммуналдық қызметтің жұмысы. Бұл тұрғыда елдің орталығына барған сәт ерекше есте қалды. Балқаш қаласында тұрғындар ескі материалдарды кәдеге жаратып, айналаны көркейткен.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Мәселен, бір тұрғын үйдің кіреберісін өнер туындысына айналдырған.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– Алғашында кіреберіс есікті жөндедім. Сол кезде тотықұсты көріп қалдым. Соның суретін есікке салып келтірдім. Үйді де, кіреберісті де өзгеше етіп реттеп қойдым, – дейді қала тұрғыны Юрий Воробьев.

Моноқалалардағы тұрғын үйлердің басым бөлігі өткен ғасырда салынғаны белгілі. Дегенмен, олардың келбеті мен инфрақұрылымы заман талабына сай өзгеріп келеді. Кейбір қалаларда бірнеше онжылдық бұрын тартылған кәріз жүйелері мен су құбырлары жаңартылып жатыр. Мұндай жұмыстар Балқаш, Рудный, Риддер, Екібастұз, Алтай және Сәтбаев қалаларында байқалды. Сарапшылардың айтуынша, енді ауызсу тапшылығы болмайды, ал суаруға арналған ресурс жеткілікті. Бұған аулаларын абаттандырған тұрғындардың еңбегі дәлел.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Мысалы, Ақсуда шағын аула ішінде тұрғындар өз күшімен бақ өсіріп отыр. Риддерде де қоқысты тастамай, қажетіне жаратқан тұрғындар бар.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– Бұл істі біраз жыл бұрын бастадым. Алғашында бір ғана тал ектім, кейін қайың мен қарағай отырғыздым. Сосын аумақты абаттандыруға кірістім, – дейді қала тұрғыны Федор Супрунов.

Эстетика мен еңбектің үндестігі

Бағдарлама назар салған маңызды критерий – шаһар эстетикасы. Бұл бағытта Ақсу қаласы ерекше әсер қалдырды. Мұнда тұрғын үйлер ашық, қанық түстерге боялған. Өткен жылы қалада 39 көпқабатты үй жарқын реңге енген. Қаланың келбетін заманауи муралдар толықтыра түседі.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– Үйлерді ашық түске бояған соңқаланың ажары кіріп, көңіл де көтерілді, – дейді ақсулық тұрғындар.

Шағын әрі жайлы қалалар қатарында Абай қаласы көш басында тұр. Отыз мыңға жуық халқы бар бұл мекеннің саябақтары көрікті, көшелері таза. Тұрғын үйлер жөндеуден өтіп, түрлі түске боялған. Тұрғындар сенбілікке шығудан да қалыс қалмайды.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– Білім аллеясын көркейтуге күш салып келеміз. Бұл – жастарға да, оқушыларға да үлгі, – дейді ұстаз Шынар Шамабаракова.

Хромтау қаласы да тәртіп пен тазалықтың үлгісі іспетті. Мұнда қоқыс шығару, саябақ күтімі, бәрі жүйелі. Әр көше әсем. Ал тұрғындар күнделікті серуенін «Кеншілер аллеясында» өткізеді.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Рудныйда 10 жылда 10 мың түп ағаш отырғызған қария бар. Ол – қаланың құрметті азаматы, табиғат жанашыры Ғабдолла Ахметжанов.

Су тасимын, жұбайым талдарды суарады. Осылайша туған елге құрмет танытамыз, – дейді 82 жастағы қария.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Құлсары да еңбекқор адамдардан кенде емес. «Жансая» саябағының күзетшісі Гүлмира Жұмағазиева өз жұмысында ғана емес, тазалық ісінде де белсенді.

– Күзетші болсам да сыпырамын, қоқыс жинаймын. Менің міндетім тек тексеріс емес, айналаның тазалығына үлес қосу, – дейді ол.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Алтай қаласында табиғатты аялаған жандар бар. Сан жылдық тәжірибесі бар орманшы өз өмірін жасыл желекпен байланыстырған.

– Тал егу – көркем іс. Бір түп ағаш ексең, соның көлеңкесінде кейін бір ұрпақ тынығады, – дейді орманшы.

Табиғатты аялау балалық шақтан басталады

Бағдарламада тазалық мәдениетін қалыптастыру тақырыбына ерекше көңіл бөлінді. Бұл жолы бағдарлама жүргізушілері экологиялық тәрбие ошақтарына бас сұқты.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Тазалық мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасқан қалалардың бірі – Балқаш. Мұнда білім ордасының қабырғасында арнайы жылыжай бар. Оқушылар мұнда сабаққа асығып келеді, табиғаттың өзгерісін көзбен көріп, тәжірибе жүзінде білімін шыңдайды. Түрлі өсімдіктерді өсіріп, оларды күтіп-баптау арқылы еңбектің қадірін түсінеді.

– Мұнда сабақ қызықты өтеді. Біз өсімдіктерді зерттейміз, табиғатты аялауды үйренеміз, – дейді оқушылар.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Екібастұздағы көркемсурет мектебінде де ерекше жоба жүзеге асып жатыр. Алты жыл бұрын мұнда сән театры құрылған, бүгінде оқушылар тұрмыстық қалдықтардан ерекше бұйымдар жасап жүр. Бұл – балаларға қоқысты кәдеге жаратуды үйретудің тиімді жолы.

– Балалардың қызығушылығы жоғары. Барлығын құлшыныспен жасайды, түрлі байқауларға қатысады, – дейді көркемсурет мектебінің оқытушысы Рауза Ахметова.

Балаларды табиғатты аялауға баулитын тағы бір бастама – Екібастұздағы №15 балабақшадағы экологиялық үйірме. Мұнда бүлдіршіндер өз қолымен бақша өнімдерін өсіріп, қоршаған ортаға қамқорлық жасауды үйренеді.

– Мен бұрышты жақсы көремін. Ол пайдалы әрі дәмді. Біз мұнда барлығын үйреніп жатырмыз, – дейді балабақша бүлдіршіндері.

Тазалық айнасы: әр қаланың шынайы келбеті

Тағы бір маңызды тұс – қала көшелеріндегі тазалық. Қаражалдағы түп-түзу, тегіс жолдар қуантты. Соңғы бес жылда мұнда 44 шақырым жол жөнделген. Бұл – қала инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанының айғағы.

Алтай қаласында тұрғындардың белсенділігі ерекше әсер қалдырады. Мұнда сенбілік шараларына жұртшылық қуана қатысып, шаһардың тазалығына зор жауапкершілікпен қарайды. Сенбілік пен күзгі жәрмеңкенің қатар ұйымдастырылуы – жұмыстың дұрыс жолға қойылғанын дәлелдейді.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Бағдарлама барысында әр қалада тұрғындардың пікірі де тыңдалды. Жүргізушілер арнайы микрофон қойып, тұрғындардан қаланың тазалығы мен әкімдіктің жұмысына баға беруді өтінді. Бірі туған қаласының дамуы жайлы тебірене айтса, енді бірі кемшіліктерді ашық жеткізді.

– Қаламыз көз алдымызда өзгеріп келеді. Тазалық бар жерде мәдениет те қалыптасады, – дейді тұрғындар.

Дегенмен бәрі бірдей мінсіз емес. Себебі Лисаков қаласында полигон мәселесі кезінде түсірілім тобы мен жергілікті басшылық арасында түсініспеушілік туғаны есте. Бастапқыда полигон иесі сұхбат беруден бас тартқанымен, кейін ойын өзгертті.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

– 27 жылдан бері осы полигонның операторы болып қызмет етеміз. Президенттен екі мәрте марапат алғанбыз, – деді қоқыс полигонына жауапты компанияның басшысы Инна Аман.

Түсірілім тобы көрерменге қалалардың шынайы жағдайын көрсету үшін ештеңеден тайсалған жоқ. Кейде қауіп-қатерге де кезікті. Мәселен, Хромтауда шаң басқан көшелерді аралап жүргенде бейтаныс көліктің ілескен сәті орын алған. Ал Курчатовта коммуналдық қызмет мамандары қаладағы кемшіліктердің басына өздері ертіп апарды.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

 

Рейтингінің қорытындысы қандай?

Моноқалаларға арналған бағдарлама қалалардың көркі мен тұрғындардың жауапкершілігін бағалауға бағытталды. Бағдарламаның нәтижесінде Ақсу, Екібастұз, Абай, Алтай және Кентау қалалары көш бастап, алғашқы бестікті түйіндеді.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Бұл қалаларда көшелер таза, үйлер жөндеуден өткен, аула мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылған, ал көркейген қаланың көрінісі тұрғындардың көңілін қуантады.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Сонымен бірге кей қалалар әлі де даму мен бақылауды қажет етеді. Мысалы, Кручатов, Жаңаөзен, Құлсары, Жітіқара және Степногорск қалаларында қоқыс полигонының жағдайы, коммуналдық қызметтің жұмысы жүйесіз, ал кейбір үйлер мен көшелер күрделі жөндеуді күтіп тұр.

Таза қала
Фото: Видеодан кадр

Бағдарлама моноқалаларды бақылауды жалғастыра береді. Себебі әкімдердің берген уәдесі мен әрбір маңызды мәселеге тұрақты көз қырын салу – қалаларды көркем етуде басты шарт болып отыр.

Соңғы жаңалықтар