Қай өңірлерде азық-түлік бағасы өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM –  Ұлттық банк еліміздің өңірлеріндегі баға өсімінің ең жоғары және ең төмен деңгейлерін есептеді. Ең жоғары азық-түлік бағасының өсуі Ақмола облысында. Ең төмен өсім Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тіркелді. 

Азық-түлік нарық жемістер көкөністер
Фото: Kazinform

Наурызда елде жылдық инфляция үдеп (ақпанда — 9,4%), 10,0% болды. Жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеп, 4 өңірде баяулады.

Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында тіркелді — 13,3%.

— Наурызда азық-түлік тауарларының бағасы 7,6%-ға дейін қарқын алды (ақпанда — 6,5%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ақмола облысында (10,6%) ең жоғары, ал Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында (6,3%-дан) мейілінше төмен өсім көрсетті. Наурызда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 9,1%-ға дейін жеделдеді (ақпанда — 8,7%). Ең жоғары мән Түркістан облысында (15,2%), ең төмен мән Алматы облысында (5,8%) тіркелді, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Наурызда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 14,3%-ға дейін жеделдеді (ақпанда — 14,1%). Сонымен қатар баға Батыс Қазақстан облысында (19,1%) жалпы республикалық деңгейден айтарлықтай жоғары, Павлодар облысында (7,2%) едәуір төмен өсім көрсетті.

Наурызда айлық инфляция елде 1,3%-ға өсті.

Айта кетелік ел өңірлеріндегі инфляция деңгейі туралы жазған едік. Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені айқындау мәселесіне арналған кезекті баспасөз мәслихатында күзге қарай Қазақстанда инфляция болуы мүмкін дегенге саятын болжамдарға жауап берген еді

 

Соңғы жаңалықтар