Қайыңның сөлін алғандарға 40 мың теңгеге жуық айыппұл бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында табиғат қорғаушылар қайың сөлін алғандарға әкімшілік жаза бар екенін ескертіп жатыр. 

Қайыңның сөлін алғандарға 40 мың теңгеге жуық айыппұл бар
Фото: СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы Сәуле Сүлейменованың айтуынша, көктемнің жылы күндері келісімен ағаштың көптеген түрі сөл бөле бастайды. Соның ішінде қайыңның сөлі көпшілік арасында сұранысқа ие, оны сергітетін сусын ретінде пайдаланады.

— Қайың шырынын сүйетіндер күн жылынысымен балта-пышақ және ыдыс алып, орманға аттанады. Қайың шырынын алу үшін ағашты аяусыз бүлдіреді. Салдарынан ағашқа зиян келіп, адам салған жара көпке дейін жазылмайды, мұндай ағаш тез шіриды, қабығы аршылған жер арқылы түрлі өсімдікке қауіпті инфекциялар енуі мүмкін. Қайыңның сөлі ағаш үшін маңызды, бұтақтарға қоректік зат тасымалдайтын функциясы бар, сол арқылы ағаш «оянып», әрі қарай өседі, бүршік жарады, — дейді Сәуле Сүлейменова.

Маманның айтуынша, қайың шырыны мемлекеттік орман қорында, алдағы уақытта кесілуі тиіс учаскелерде жүргізіледі.

Шырын дайындау үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қолында мемлекеттік орман шаруашылығы жазып берген орман билеті болуы тиіс. Қайың шырынын дайындауды жүзеге асыруға болатын орман учаскелері туралы қажетті ақпаратты алу үшін тұрғылықты жері бойынша орман шаруашылығына жүгіну қажет, онда орман заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты алуға болады.

Жеке тұлғаларға қайың шырынын заңсыз жинағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде (39 320 теңге), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК (117 960 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 50 АЕК (196 600 теңге), ірі кәсіпкерлерге — 100 АЕК (393 200 теңге) айыппұл бар.

Бұған дейін СҚО-да көктем ерте келіп, өрт шығу жағдайы көбейгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар