«Қайрат» Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіне шықты
АСТАНА. INFORMSPORTS — Бүгін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) футболдан UEFA Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Кипрдің «Омония» (Никосия) клубымен кездесті.
Ойын барысында алматылық команда алғашқы минуттан белсенді қимыл көрсетуге тырысты. Олардың қатарынан 37-минутта Эдмилсон мергендік танытты.
Бірінші ойында алматылық клуб қарсыласына 0:1 еесбімен есе жіберген еді. Нәтижесінде екі ойынның нәтижесімен есеп теңесті.
Тоқсан минутта жеңімпаз анықталған жоқ. Кездесу қосымша кезеңге ұласты. Қос команда овертаймда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Осылайша жеңімпазды анықтау пенальти сериясы арқылы анықталатын болды. Бұл жолы қазақстандық команда 7:5 есебімен қапы қалдырып, үшінші кезеңге жолдама алды.
Енді олар үшінші іріктеу кезеңінде «Левски» (Болгария) — «Университатя» Крайова (Румыния) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бұл жұптағы алғашқы ойын болгариялық команданың басымдығымен 1:0 есебімен аяқталған еді.
Айта кетсек, алматылық клуб бұдан бұрын UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын (2:1, 2:0) қапы қалдырды.
Кипрлік клуб енді Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Мьельбю» (Швеция) — «Линкольн Ред Импс» (Гибралтар) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Еске салсақ, отандық төрешілер УЕФА Конференция лигасының матчына тағайындалды.