Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Қайрат» Чемпиондар лигасында «Левскиге» есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Қайрат» (Алматы) футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде «Левски» (София, Болгария) командасымен алғашқы ойынын өткізді.

«Қайрат» Чемпиондар лигасында «Левскиге» есе жіберді
Фото: «Қайрат» футбол клубы

Кездесу барысында командалар алғашқы минуттан жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Алдымен болгариялық команда бірнеше қауіпті сәтті ұйымдастырды. Оған алматылық клуб лайықты тойтарыс бере білді. Кейбір сәтте қорғаушылар сауатты ойнаса, ендігі бір мезетте Темірлан Анарбеков допты кейін қайтарып үлгерді.

Екінші кезеңде де қос команда есеп ашуға ұмтылды. Ойынның 92-минутында «Левски» сапынан Сержиньо соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті.

Осылайша «Қайрат» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.

Енді қарымта ойын 11 тамызда Түркістан қаласындағы «Түркістан-арена» стадионында өткізіледі.

Алматылық клуб қазірге дейін бірінші және екінші іріктеу кезеңдерінде Черногорияның «Сутьеска» (2:1, 2:0), «Омония» (1:0, 0:1, пенальтиден 6:5) клубтарын қапы қалдырған еді.

Плей-офф кезеңіне шыққан жағдайда алматылық ұжым Грекияның АЕК клубымен кездесуі мүмкін. Бұл ойындар 18-19, 25-26 тамыз күндеріне белгіленген.

Алматылық ұжым Чемпиондар лигасында «Левскиден» жеңілген жағдайда Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде сынға түсуге мүмкіндік алады. Бұл турнирде олар ПАОК (Грекия) - «Андерлехт» (Бельгия) жұбының жеңімпазымен ойнайды.

Айта кетсек, алматылық клуб өткен маусымда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Португалияның «Спортинг» (1:4), Испанияның «Реал Мадрид» (0:5), Италияның «Интер» (1:2), Грекияның «Олимпиакос» (0:1), Данияның «Копенгаген»( 2:3), Бельгияның «Брюгге» (1:4), Англияның «Арсенал» (2:3) клубытарына жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түскен еді.