«Қайрат» футбол клубы туралы тұңғыш аниме әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Туынды қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде жарыққа шықпақ. Жоба авторы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болып, анимациялық фильмді таныстырды.

«Қайрат» футбол клубы туралы тұңғыш аниме әзірленіп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

– Өзім бала кезден анимациялық роликтерге қатты қызығамын. Есейген соң, соңғы 10 жылда анимация, контент дайындау, жасанды интеллект бойынша жұмыс істеп келе жатырмын. Осы қабілеттерім мен балалық қызығушылығым ұштасты. Мұндай қиын анимацияларды батыстың студияларынсыз, үлкен бюджетсіз-ақ кез келген адам үйінде отырып жасай алатынын көрсеткіміз келді. Сол мақсатта тарихы бай «Қайрат» клубына арнап анимациялық фильм жасап жатырмыз, - дейді Ғабит Қожахмет.

«Қайрат» футбол клубы туралы тұңғыш аниме әзірленіп жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Жаңа аниме толықтай жасанды интеллектінің көмегімен әзірленіп жатыр.

– Жалпы, анимеде белгілі бір кейіпкердің бет-әлпетін келтіріп жасамайды. Себебі, 1 секундта 24 кадр болса, 24 сурет салады. Демек, 1 минутта ол 1440 сурет салуы керек болады. Бұл — өте үлкен жұмыс. Неге анимелердің бюджеттері 100 млн доллар болады? Себебі, оның суретін мыңдаған адам бірнеше жыл бойы салады. Ал қазіргі таңда ЖИ-дың арқасында оны жылдам жасауға болады. Өзінің жұмыс істеу методикалары бар, - дейді студия қонағы.

Жоба авторы анимациялық фильмді жасаудың әдіс-тәсілдеріне тоқталды.

– Бүгінде командада 10 адам жұмыс істеп жатыр. Ал нақты анимациямен 4 адам айналысады. Анимация жасау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — сценарий-синопсис, артынан кадрларға бөлу, кейін нобайын саламыз. Оны істегеннен кейін жұмыс екіге бөлінеді. Біз үнемі кадрда болатын кейіпкерлердің 3D форматын шығарып, текстурасын жасаймыз. Ал көп кездеспейтін персонаждарды тек генерациядан өткіземіз. Осындай әдіс-тәсілдерді қолданып, нәтиже шығаруға тырысып жатырмыз, - дейді ЖИ маманы.

Ғабит Қожахмет анименің жастарға берері көп екенін айтады.

– Анименің мақсаты — жас буынның спортқа, тәртіпке деген шабытын ашу. Сол үшін бұл жобада біз академия бөлігіне, жастардың футболды оқып, дайындық жасау барысына көп көңіл бөліп жатырмыз. Әрине, «Қайраттың» шетелде ойнаған көптеген ойындарының да бөліктері болады. Тарихи деректер мен видеолар тым аз болғандықтан, өкінішке қарай, тап сол жердегі әсерді беру қиынға соғып жатыр. Десе де, жанкүйерлердің түсірген видеоларын әр жерден жинақтап, сол атмосфераны нақты жеткізуге тырысып жатырмыз, - дейді автор.

Туынды қытайлық желілерде де жарық көрмек.

– Аниме бірден 3 тілде шығады. Қазір қазақ тілінен бөлек, ағылшын, қытай тілдерінде істеліп жатыр. Бізде қазақ тілінде жарияланады. Ағылшын тілінде YouTube сынды платформаларға жүктейміз. Ал Қытайдағы әлеуметтік желілерге қытай тіліндегі нұсқасын ұсынамыз, - дейді маман.

Студия қонағы жобаны сапалы етіп дайындау үшін «Қайрат» футбол клубының басшылығымен серіктестік орнатқысы келеді.

– Әзірге «Қайрат» клубының басшылығымен тікелей байланыспадық. Бірақ жақында оларға хат жазып жібергенмін. Себебі, бастапқыда олардың қатысуынсыз істей салуды жоспарлағанбыз. Бірақ, анимацияда адамның бетінің қимыл-қозғалысы, эмоциясын ұқсату үшін топология істеу қажет. Сол үшін біз соңғы кездері танымал болып жатқан қақпашы Анарбековті шақырып, бірнеше видеоға түсіріп алуға ұсыныс жасадық. Алдағы уақытта серіктес болады деген үміттемін, - деп түйіндеді Ғабит Қожахмет.

Айта кетейік, UEFA Чемпиондар лигасы аясында өтетін «Спортинг» пен «Қайрат» кездесуін Қазақстан уақытымен 00:00-де «Qazaqstan» телеарнасынан тамашалауға болады. 

Соңғы жаңалықтар