«Қайрат футбол клубы «Достық Кубогында» Иран командасынан жеңіліп қалды
ТАШКЕНТ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Жексенбі күні Өзбекстан елордасында шағын футболдан «Достық Кубогы» халықаралық турнирі басталды.
Турнирге Иран, Қырғызстан, Өзбекстан құрамалары және қазақстандық «Қайрат» клубы қатысуда, олар айналма жүйе бойынша бір-бірімен ойнап шығады.
Бірінші болып алаңға шыққан Қырғызстан мен Өзбекстан командалары ойынды 1:1 есебімен аяқтады. Сондай-ақ жасыл алаңда «Қайрат» клубының ойыншылары мен Иран командасы күш сынасты. Тартысты ойындарына қарамастан, «қайраттықтар» Иран командасынан 3:2 есебімен жеңіліп қалды.
Дүйсенбі күні «Қайрат» алаң иесі - Өзбекстанның құрама командасымен кездеседі.