«Қайрат» футбол клубы өзіне арналған ең үздік ұранға байқау жариялады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Футболдан Қазақстан біріншілігінің Премьер-Лигасында өнер көрсететін Алматының «Қайрат» футбол клубы өзі туралы ең үздік ұранға байқау жариялады. Бұл туралы клубтың ресми сайтында жария етілді.
«Жанкүйерлер - тек 12-ші ойыншы ғана емес, клубтың ең маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. «Қайрат» командасы жанкүйерлерсіз мұншалықты дәрежеге көтерілмес еді. Құрметті жанкүйерлер, сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Біз өз жұмысымызда қашанда жанкүйерлеріміздің пікірлерін ескеруге тырысамыз. Сондықтан да «Халықтық командаға - халықтық ұран» байқауын жариялап отырмыз», - делінген хабарламада.
Байқаудың шарты өте қарапайым. Бар болғаны клуб үшін ұран ойлап табу қажет. Оны «Қайрат» командасы алдағы маусым бойы қолданатын болады. Клуб қызметкерлері ұсынылған ұрандардың ішінен ең үздік деген 10 ұранды таңдап алады. Кейін бұл ұрандар клубтың ресми сайты мен әлеуметтік желілерде жарияланып, дауысқа салынады. Сонда ең үздік ұранды жанкүйерлердің өздері таңдайды.
Ал жеңімпаз атанған авторға клубтың жылдық абонементі табыс етіледі. Сол арқылы ол барлық матчтарға тегін қатыса алады. Ал оның ұраны алдағы маусымда клубтың ресми ұранына айналады. Ұран бойынша ұсыныстарды marketing@fckairat.kz электронды поштасына жіберуге болады.