«Қайрат» футзал клубы бас бапкерімен қош айтысты

АСТАНА. KAZINFORM — «Қайрат» футзал клубы мен бас бапкер Даниэль Жуниор арасындағы келісім аяқталды. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Даниэль Жуниор
Фото: «Қайрат» футзал клубы

Клуб пен маман арасындағы келісімшарт отбасылық жағдайларға байланысты және екі тараптың өзара келісімі негізінде тоқтатылды.

Даниэль Жуниор командаға осы маусымның басында келіп, «Қайрат футзалмен» бірге Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды және УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына дейін жетті.

Даниэль Жуниор 1979 жылы 15 қазанда дүниеге келген. 2006 жылдан бері бапкерлік қызметпен айналысады. Қазірге дейін Бразилияның «ABC» (Натал), «Шашиенсе» (Шашин), «Мафра», «Капивари» (Капивари-ди-Байшу), «Жоинвиль», «ACEL Шопинзинью» (Шопинзинью) және «Кампу-Моран» клубтарында еңбек етті. 

Биыл Чемпиондар лигасы ¼ финалында «Қайрат» испаниялық «Картахена» (1:2, 4:7) клубтарына есе жіберді.