Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Қайрат» — «Ордабасы» ойыны: Алматыда 2 мың полицей қауіпсіздікті күзетеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» пен «Ордабасы» матчы қарсаңында Алматы полициясы қауіпсіздік шараларын күшейтті.

«Қайрат» — «Ордабасы» ойыны: Алматыда 2 мың полицей қауіпсіздікті күзетеді
Фото: Абай облысы ПД

Алматы қаласы полиция департаментінде «Қайрат» пен «Ордабасы» командалары арасындағы футбол матчын қауіпсіз өткізу мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Онда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жанкүйерлер қозғалысын ұйымдастыру, көлік ағындарын реттеу және барлық қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмі талқыланды. Ерекше назар көрермендердің қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға аударылды.

Матч өтетін күні қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2 мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және өзге де қызметтердің өкілдері жұмылдырылады.

— Біздің басты міндетіміз — футбол матчының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, барлық көрермендерге қолайлы жағдай жасау. Ұйымдастырушылармен және мүдделі қызметтермен бірлесіп, өзара іс-қимылдың барлық мәселесін пысықтап, іс-қимыл алгоритмдерін айқындадық және күштерді бөлдік, — деді Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Еске салайық, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» алғашқы ойында «Омонияға» есе жіберді.