«Қайраттың» Астанадағы ойындарына билет неге арзанырақ — клуб мәлімдемесі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубы билет бағасына қатысты ресми түсіндірме жасады.
Бұған дейін алматылық клуб Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Олимпиакос» (9 желтоқсан), «Брюгге» (20 қаңтар) командаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын «Астана Арена» стадионына көшіретінін хабарлады. Ал билет бағасы 15 000 - 50 000 теңге аралығында болады.
«Қайрат» УЕФА-ның баға саясатына сәйкес, Алматыдағы Орталық стадионда өтетін барлық ойынға бір билет бағасы бекітілгендіктен, оны қайта қарау мүмкін болмағанын мәлімдеді.
— Алматыдағы қолайсыз қысқы жағдайларға байланысты матчтарды Астанаға ауыстыру шешімі УЕФА-мен келісе отырып қабылданды. Ойын орнының өзгеруі оған қатысты талаптардың да өзгеруіне әкелді. Жаңа жағдайларды ескере отырып, клубта билет бағасын қайта қарау мүмкіндігі пайда болды, — делінген клуб мәлімдемесінде.
Еске салайық, «Қайраттың» өз алаңындағы «Реал Мадрид» және «Пафос» командаларына қарсы ойындарда билет 30-250 мың теңге аралығында сатылды. Әлеуметтік желі қолданушылары даңқты испаниялық клубпен кездесуде билеттің тым қымбат болуын қабылдаса да, «Пафосқа» қарсы ойында дәл сол бағалардың сақталуына наразылық білдірді.