14:29, 10 Мамыр 2009 | GMT +5
?Қайсар? Еуропа алаңдарында бақ сынайды
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 10-ы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) – Сыр бойы жанкүйерлеріне өткен аптада жеткен жағымды жаңалық – жергілікті "Қайсар" футбол командасы Еуропа Лигасында, бұрынғы УЕФА Кубогында ойнауға мүмкіндік алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қазақстан футбол федерациясы биылғы жылы кәрі құрлықтағы жарыстарда біздің еліміздің намысын қорғайтын клубтардың қатарына "Қайсарды" да қосып отыр. Айтулы аламандарда "Ақтөбе", "Тобыл" және "Ертіс" командалары бақ сынайды. Өткен жылы Қазақстан Кубогының ақтық сынында ойнаған "Алматы" командасының тарап кетуіне байланысты биыл олардың орнына қай клуб УЕФА сайыстарына қатысады деген сауалдың басы ашық қалған болатын. Оңтүстік астананың намысын төрт-бес жылдай қорғаған клубтың ізбасарымыз деп санайтын Астананың "Локомотиві" өзге қалада орналасуына байланысты ендігі кезекте аталған мүмкіндікке Сыр елінің ұжымы ие болуы мүмкін. Өйткені былтырғы біріншілікте "Қайсар" төртінші орынға табан тіреді. Сондықтан федерация қызылордалық клубтың додалы жарысқа қатысуына жол ашты.