?Қайсардың? ізбасарлары үшінші болды

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Биылдан бастап Қазақстан Футбол федерациясының талабы бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында ел біріншілігін өткізу жоспарланған. Бұл талап Премьер-лигада ойнайтын барлық командаға міндетті,

?Қайсардың? ізбасарлары үшінші болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жақында Тараз қаласында Премьер-лига командаларының даярлық топтарының біріншілігі мәресіне жетті. Бұл жарысқа 1991-1992 жылдарда өмірге келген жасөспірімдер қатысты. Жасыл алаңдағы тартысты ойындарда Қызылорданың ?Қайсарының? ізбасарлары үшінші орынға қол жеткізді. Жерлестеріміз әуелі екінші топта сынға түсті. Өз тобында Сыр өрендері бес кездесу өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетіп, бір мәрте тең ойнады. Алдымен Шымкенттің ?Ордабасы? командасынан 2:4 есебімен жеңілген олар келесі ойында Павлодардың ?Ертісімен? 1:1 есебімен тең ойнады. Қалған үш кездесуде ?Қайсар? командасының ізбасарлары Көкшетаудың ?Оқжетпесін? 4:2, Қарағандының ?Шахтерін? 2:0 және Талдықорғанның ?Жетісуын? 2:1 есебімен жеңді. Өз тобында алғашқы екі орынға ие болған командалар 1-4 орындар үшін сайысқа түсті. Жартылай финалдық ойында Астананың ?Локомотив? командасынан 2:4 есебімен жеңілген қызылордалықтар үшінші орын үшін сайыста Петропавлдың ?Қызылжарын? 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Сыр бойы футболшыларының арасында Данияр Сахи ең үздік жартылай қорғаушы атанып, турнирдің символикалық құрамына енді.