19:45, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
?Қайсарға? жаңа бас жаттықтырушы келді
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Былтырғы маусымда 4-інші орын алған Қызылорданың ?Қайсар? командасын алдағы ел біріншілігіне ресейлік маман Хазрет Дышеков дайындайтын болып белгіленді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сыр бойы бас қаласының командасын өзінің тарихында осындай ең жоғары орынға екінші мәрте жеткізген бас жаттықтырушының міндетін атқарушы Владимир Никитенко Шымкенттің ?Ордабасы? футбол командасына бас бапкер болып жақында ғана ауысқан еді. Бұл орынға тағайындалатын лайықты кадрды облыс футбол федерациясы көп ұзатпай тауып алды. Қызылордалық футболшылар қазіргі күндері жаңа бас жаттықтырушының қарауында жылдағы дәстүр бойынша Ташкент түбіндегі Қыбырай елді мекенінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Қайсарлықтар мұнда екі бақылау ойынын өткізіп те үлгерді. Екеуі де жергілікті өзбекстандық клубтармен өтті. Олардың бірінде Қызылорда командасы Заравшанның ?Қызылқұмын? 4:2 етіп тізе бүктірсе, екіншісінде Ташкенттің ?Олимпиясын? 3:0 есебімен ойсырата ұтты.