Қайта құрылымдау нәтижесінде БТА банктің қарыздық міндеттемесі 4,4 миллиард долларға дейін қысқарды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БТА банктің Директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаевтың айтуынша, қаржылық берешектің 92,03 пайызына иелік ететін қайта құрылымдау жоспарын кредиторлардың 92 пайызы мақұлдаған. Қазақстан заңнамасы бойынша қайта құрылымдау жоспары күшіне енуі үшін банк міндетінің үштен екі бөлігінен кем емес үлесі тиесілі кредиторлармен қуаталуы тиіс болатын.
БТА банктің Кредиторлар жиналысында 2 триллион 442 миллиард теңге сомасындағы жалпы қаржылық берешектің 2 247,4 миллиард теңгесі қата құрылымдау жоспары бекітіліп отыр. Дауыс беруге барлық қаржылық құралдар бойынша кредиторлар қатысты. Оның ішінде сыртқы және ішкі облигациялар, екіжақты және синдицияланған заемдар, исламдық қаржы құралдары және сауданы қаржыландыру мен дервивативтік келісімдер бойынша. Қайта құрылымдау нәтижесінде банктің қарыздық міндеттемесінің көлемі 12,2 миллиардтан 4,4 миллиард долларға дейін қысқарып, кредиторлар алдындағы берешекті өтеу мерзімі 8-ден 20 жылға дейін ұзарды. Бұл кредиторлардың өтелмеген талаптардан бас тартып, қолма-қол қаражатын банктің акциясы мен жаңадан шығып жатқан облигацияларына иелік етуге айырбастауы арқылы жүзеге асырылады.
Қайта құрылымдау нәтижесінде акционерлер құрамына банктің 18,5 пайыз акционерлік капиталын иемденетін сыртқы және ішкі кредиторлар кіреді. Негізгі акционер - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының үлесі 81,2 пайызды құрайды.