Қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына қалай өтінім беру керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісімді немесе келіспеушілікті электрондық форматта беруге болады. Қазақстанда қанша адам осы рәсімге мұқтаж және кімдер донор бола алмайды деген сұрақтарға А. Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 3 мыңнан астам адам орган трансплантациясына мұқтаж, бүйректі ауыстырып салу үшін «күту парағында» 3 129 адам тұр. Қайтыс болғаннан кейінгі орган донорлығына қалай өтінім беру керек,
2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 212-бабы 2-тармағына сәйкес Адамның ағзаларын (ағзаның бір бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бір бөлігін) қайтыс болғаннан кейін донорлыққа алу және бұл туралы жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарының бірін хабардар ету қағидаларын бекіту туралы бұйрық әзірленді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келісу рәсімі жүріп жатыр.
Дәрігердің айтуынша, 2020 жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 3 409 адам ағза трансплантациясына мұқтаж, олардың 111-і балалар. «Күту парағында» бүйректі ауыстыруға 3 129 адам, бауырға – 135 адам, жүрекке – 143 адам, өкпеге – 1 адам және «жүрек-өкпе» кешеніне – 1 адам бар. Қазақстан Республикасының трансплантация орталықтарында жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек және ұйқы безі трансплантацияланады.
«Қазақстан Республикасының азаматы қайтыс болғаннан кейін ағзалар донорлығы туралы шешімін екі тәсілмен тіркей алады:
тіркелген жері бойынша емханаға тікелей жүгінуге болады, ондағы жауапты тұлға жеке куәлігі мен тіркелу мәртебесін тексереді, содан кейін тиісті өтініш нысанын (келісім) береді. Толтырылған құжат регистрға енеді, ал өтініш берушіге 1 жұмыс күні ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымының бірінші басшысы қол қойған және мөрімен бекітілген ерік білдіруді тіркеу анықтамасы беріледі.
«Электронды үкімет» веб порталы арқылы донорлық шешімді тіркеуге болады. Ол үшін өтініш беруші порталға кіріп, «Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзалардың бөлігін) алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі пайдаланушы «Келісімді қайтарып алуды тіркеу» немесе «Келісімді тіркеу» өтініш түрін таңдайды. Содан кейін қажетті жолдарды толтырып, өтінімге ЭЦҚ-мен қол қою керек, бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылады және ерік білдіруді тіркеу туралы екі тілдегі анықтама қолжетімді болады. Өтініште тізбеге сәйкес барлық ағзаларды немесе белгілі бір ағзаны көрсетуге болады», - деп түсіндірді Болатбек Баймаханов.

Алдағы уақытта да донорлық туралы шешімді өзгертуге болады, оған еш шектеу қойылмаған. Шешім соңғы тіркелген өтінім бойынша қабылданады.
Азаматтың таңдауы туралы туралы ақпарат жабық болады және мәліметтер базасы адам қайтыс болғаннан кейін ғана ашылады. Жеке деректер Кодекске және 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңының 29-бабына сәйкес қорғалады.
«Он сегіз жасқа толмаған, еңбекке қабілетсіз, медициналық қарсы көрсетілімдері бар (денсаулығының елеулі бұзылуы, инфекциялық аурулар, қатерлі ісіктері бар) адам органдардың доноры бола алмайды», - дейді Болатбек Баймаханов.