KAZ Minerals өз қызметкерлерінің балалары үшін кәсіпке жол ашпақ
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы KAZ Minerals Тобы талантты жастарды қолдау бағдарламасының аясын кеңейтті. Енді жалпы білім беру гранттарына компанияның еліміздің кез-келген аумағындағы қызметкерлерінің балалары үміткер бола алады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Осы жылы Ақтоғай және Бозшакөлдегі кәсіпорындар оқудың және қажет болған жағдайда жатын орын шығынын толығымен қамтамасыз ететін 38 грант бөлді. Сонымен қатар, колледж студенттері үшін айына 45 000, ЖОО студенттері үшін 55 000 теңгені құрайтын шәкіртақы қарастырылған.
Бағдарлама отандық жоғары оқу орындары мен колледждерде мамандарды дайындауға бағытталған. Бүгінге дейін 13 грант иесі анықталды, оның бесеуі – инженерлік және техникалық мамандыққа оқуға шешім қабылдаған компания қызметкерлерінің балалары. Ұрпақтар сабақтастығының мысалы Ақтоғай мен Бозшакөл кеніштерінде де кездеседі.

Александр Медяник Бозшакөл кенішінде 11 жыл бойы жұмыс істейді. Мамандығы – бұрғылау және жарылыс шебері. Оның ұлы Антон «Тау-кен инженериясы» мамандығына оқуға түсті. Антон бала кезінен әкесінің жұмысын қызықты әрі маңызды санайтын. Енді өзі де кен өндіру ісінде жаңа технологияларды меңгеруге ниетті.

Ербол Дәрібаев та грант иесі. Ол қазір Семей геобарлау колледжінде «Табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалану» мамандығы бойынша білім алуда. Оның Ақтоғай кен байыту комбинатындағы сульфид фабрикасында жөндеуші-слесарь болып жұмыс істейтін әкесі Әділбек Дәрібаев бағдарлама туралы біліп, ұлына оқуға құжат тапсыруға кеңес берген. Экология бағытын таңдаған Ербол ауаның, судың және жердің тазалығына жауапты мамандарсыз заманауи кәсіпорындардың дамуы мүмкін емес деп есептейді.
Тағы бір жарқын мысал – Руслан Фатхиев пен оның ұлы Әмір. Бозшакөлде жабдықтарды жөндеу маманы болып жұмыс істейтін Руслан техниканың сенімділігі толассыз өндіріс кепілі деп есептейді. Ал Әмір транспорт және технология саласындағы инженерияны таңдаған.

- Мен бұрыннан техникаға қызығам, сол себепті инженерия – менің саналы таңдауым, - дейді Әмір.
Руслан ұлын мақтан етеді және техникалық мамандық оның жарқын болашағына негіз боларына сенімді.
2018 жылдан бері KAZ Minerals 159 талантты жасқа қолдау көрсетті. Оқу аяқталғаннан кейін грант иелері ақысы төленетін тәжірибеден өтіп, содан кейін тұрақты жұмысқа қабылданып компанияның кадрлық әлеуетін арттырады. Компанияда жұмыс істейтін қызметкерлерге де KAZ Minerals оқу орталықтары мен басқа да білім беру ұйымдарында біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік бар.