Қаза тапқан фельдшер ісі: жәбірленуші МИБ төрағасынан 35 миллион теңге талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел медициналық көмек фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасы туралы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
Бүгін сотталушы, Мүлік иелері бірлестігін басшысы болған Сәуле Жұбаниязованың телефонын тексеру хаттамасын іс материалдарына қосу туралы өтінішхат мәлімделді. Атап айтқанда үй тұрғындарымен топтық чат қаралды.
Жәбірленушілер Г. Қалиева мен А. Нұрпейісова сотталушы С. Жұбаниязовадан моральдық зиян мен материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы талаптарын мәлімдеді.
— Г.Қалиева сотталушыны кінәлі деп тануды және оның азаматтық талап қоюын қанағаттандыруды, 10 миллион теңге сомасында моральдық зиянның өтемақысын, сондай-ақ 53 960 теңге сомасында материалдық залалды өндіріп алуды сұрады. Сотталушы бұл талаптармен толық келіспеді, өйткені ол өзін кінәлі емес деп санайды, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Жәбірленуші А.Нұрпейісованың өкілі — адвокат Ж.Кұрымбаева жәбірленуші ешкімді кінәлағысы келмейтінін, бірақ оған емделуге қаражат қажет екенін, сондай-ақ сотталушыдан 35 миллион теңге сомасында моральдық зиянның орнын толтыруды талап ететінін түсіндірді.
Кезекті жәбірленуші Ж.Қалиев сотталушы С. Жұбаниязованы кінәсіз деп санайтынын айтты. Қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның жақын туыстары — С. Омарова мен Ә. Зейнел осы істің мән-жайын толық түсініп, әділ шешім қабылдауды сұрады.
Содан кейін сот жарыссөзге көшті. Прокурор С. Серікова сөз сөйлеп, С. Жұбаниязованы ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша кінәлі деп тануды, бас бостандығын 2 жыл шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Түскі үзілістен кейін сотталушы мен оның қорғаушылары сөз сөйлеп, оны кінәсіз деп тануды және ақтауды сұрады.
Келесі сот отырысы 2026 жылғы 1 қазанда сағат 15.00-де өтеді және сотталушыға соңғы сөзге дайындалу үшін уақыт берілді.
Бұған дейін жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның неден қайтыс болғанын айқындайтын сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялады.
Сондай-ақ құрылыс сарапшысы Денис Воробьев қайғылы жағдайға құрылыс сапасының төмендігі себеп болғанын айтты.