Қаза тапқан полиция қызметкері Темірбек Жақсылықбаевтың отбасына 1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді
АҚТӨБЕ. 25 маусым. ҚазАқпарат - 21 маусым күні қылмыскерді ұстау кезінде Кирпичный кентінде қаза тапқан жол полиция қызметкері Темірбек Жақсылықбаевтың отбасына 1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді,
деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл қылмысты әшкерелеу барысы өңір басшысының бақылауына алынған болатын.
«Қызметін орындау барысында полиция қызметкерінің қаза табуы - бұл төтенше жағдай. Оқиғаны тез арада әшкерелеу керек», - деді Архимед Мұхамбетов облыстық қарулы күштер құрылым басшыларына қарата.
Тәуліктік режимде жұмыс істеген құқық қорғау органдарының қызметкерлері кісі өлтірушілердің іздеріне шығу мақсатында өткізілген жедел-тексеру шараларының барасында өз кәсібиліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Өткен сенбіде қылмысткерлер «Малышка» ауданында орналасқан үйлердің бірінде табылды. Құқық қорғау органының қызметкерлері қарумен қарсылық көрсеткен қылмыскердің екеуін өлтіріп, біреуін жарақаттады. Абырой болғанда бейбіт халық зардап шеккен жоқ. Алайда арнайы жасақтың бір қызметкері жарақар алды. Қазіргі уақытта бұл оқиға тексерілуде.
Облыс әкімінің атынан қаза тапқан Темірбек Жақсылықбаевтың отбасына көңіл айтылып, 1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек берілді.