Қаза тапқан шекарашы Б.Әмірбаевтың әкесі соттан В.Челахтан моральдық шығын үшін 20 млн. теңге өндіріп алуды сұрады

Бүгін Талдықорған қалалық сотында «Арқанкерген» қосынында қызметтестерін өлтірді деп айыпталып отырған шекарашы Владислав Челахтың ісі бойынша басты сот қарауы өтуде.
Естеріңізге сала кетейік, 30 мамыр күні өртеніп кеткен «Арқанкерген» шекара қосынында 13 шекарашының өртенген сүйектері табылды. Кейінірек тағы бір шекарашының мүрдесі және шекара қосынына жақын жерден қорықшының жансыз денесі табылды.
Тірі қалған шекарашы В.Челах қызметтестерін өлтіргенін мойындады, оған тергеуші тоғыз бап бойынша айып тақты, соның ішінде «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «Жеке заттарды ұрлау», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Қаруды ұрлау», «Қаруды заңсыз ұстау», «Әскери мүлікті бүлдіру», «Әскери қызметтен қашу», және «Бөтен біреудің баспанасына заңсыз кіру» баптары бар.