Қазақ анимациясы АҚШ-тағы халықаралық фестивальде жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі шығарған «KÖLEÑKE» (18+) анимациялық жобасы АҚШ-та өткен PFCAT (Portland Festival of Cinema, Animation & Technology) халықаралық фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Туынды хоррор-анимация жанрында «Өзгеше көзқарас пен шығармашылық шеберлік үшін» жүлдесімен марапатталды.
Фестиваль мамандары туындыдағы авторлық қолтаңба мен көркемдік ерекшелікті жоғары бағалады. «KÖLEÑKE» жобасын отандық мамандардан құралған шығармашылық топ әзірледі.
Сценарий авторы – Ернар Тілеубаев, қоюшы режиссері – Мақсат Аяпов, қоюшы суретшісі – Даир Жиенқұлов, атқарушы продюсері – Нұржігіт Сұлтанберді.
Бұдан бөлек, «Қазақанимацияның» фолк-хоррор жанрындағы «Su perisi» мен «Shańyraq» драмасы фестивальдің негізгі бағдарламасынан орын алды.
Бұл туындылар Портленде алғаш рет шетелдік көрерменге көрсетілді.
Әлемге танымал анимациялық фильм қазақша көрсетілгенін жазған едік.